Қытайда өтетін Жасөспірімдер Олимпиада ойынында Қазақстан намысын 50 спортшы қорғайды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қытайда Нанкин қаласында өтетін 2-ші Жасөспірімдер Олимпиада ойынында Қазақстан намысын 50 спортшы қорғайды. Бұл туралы бүгін ҚР Спорт істері және дене шынықтыру агенттігі төрағасының орынбасары Елсияр Қанағатов мәлім етті.

Қытайда өтетін Жасөспірімдер Олимпиада ойынында Қазақстан намысын 50 спортшы қорғайды

«Қазіргі уақытта Нанкин қаласыда өтетін 2-ші Жасөспірімдер Олимпиада ойындарына қатысу үшін 42 лицензия иелендік және бұл ойындарға 50 спортшы қатысатын болады», - деді агенттік төрағасының орынбасары.

Оның сөзіне қарағанда, спортшылар олимпиадаға дайындық орталықтарында дайындау үстінде. Спортшылардың басым бөлігі Алматы облысынан.

«Біздер ең бірінші кезекте алтын медаль жеңіп алу міндетін жүктеп отырмыз. Алтын медальды грек-рим күресінен, ауыр атлетикадан және бокстан еншілеуді жоспарлаудамыз. Күміс медальмен каноэ есуден, еркін күрестен және бокстан қанжығамызды майламақпыз. Ал қола медальды таэквондодан, грек-рим күресінен, әйелдер күресінен, дзюдодан, бокстан, жүзуден, қазіргі бессайыстан алу жоспарда бар», - деді Е.Қанағатов

Айта кетейік, Қазақстанның құрама командасы бірінші ойындарда спорттың 19 түрінен 33 лицензия ұтып алған болатын. Бейресми есепте Қазақстан 24-ші орынға тұрақтаған еді.