Қытайда сел тасқыны салдарынан 50 мыңдай адам қауіпсіз жерге көшірілді
АСТАНА. Тамыздың 21-і. ҚазАқпарат - Қытайдың Ляонин уәлаятындағы Даньдун қаласында сел тасқыны салдарынан 50 мыңдай адам қауіпсіз жерге көшірілді. Үш адам із-түзсіз жоғалып кетіп отыр, деп хабарлады Associated Press агенттігі.
Қалада электр желісі істен шығып, жолдарды су басып қалған, 230 тұрғын үй зақым шеккен.
Тамыздың 20-сынан 21-іне қараған түні Ляонинде қатты нөсер болып, соның салдарынан жағасында көп елді мекендер орналасқан Ялуцзян өзенінде су деңгейі кей жерлерде 600 мм дейін көтерілген. Синоптиктер, алдағы үш күн бойы Сычуань, Хэбэй және Шаньдун уәлаяттарында да қатты нөсер болады деп болжауда.