Қытайда сотталған А. Тұрлыбайға қатысты апелляциялық сот отырысы кейінге қалдырылды

Бұл ақпаратты Ақжарқынның қорғаушысы Сұңқар Нұрмағамбетов мәлімдеді.
«Қазақстан азаматшасы А. Тұрлыбайдың қылмыстық ісі бойынша апелляциялық сот отырысы бүгін 17 наурызда Гуанчжоу қаласында болуы керек еді. Бірақ, белгілі себептермен 2016 жылғы 7 сәуірге қалдырылды. Бұл туралы барлық мүдделі тұлғаларға хабарланды», - деді адвокат.
Естеріңізге сала кетелік, 20 жастағы қазақстандық студент Ақжарқын Тұрлыбай 2014 жылдың наурыз айында Гуанчжоу қаласының әуежайында жасырын түрде есірткі заттарын тасымалдаған деген айыппен ұсталған болатын.
Ақжарқынның айтуынша, ол Қытайға брендтік киімдер сатып алып келуге барған. Ал есірткіні оған клубта кездейсоқ танысқан таныстары жасырын салып жіберген. Осылайша, Ақжарқын өмірбақи бас бостандығынан айырылды. Бірақ, оның қорғаушы тарапы қарсы шағым түсірген.