Қытайда «Талим» тайфунына байланысты 230 мың адам эвакуацияланды

НАНЬНИН. ҚазАқпарат – Сейсенбі күні таңертең Қытайдың оңтүстігіндегі Гуанси-Чжуан автономдық ауданының жағалауында «Талим» тайфуны соғып, жел жылдамдығы 140 км/сағ дейін жеткен, деп хабарлайды ҚазАқпарат Синьхуа ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.

Қытайда «Талим» тайфунына байланысты 230 мың адам эвакуацияланды
Photo: Yonhap

Бұл – биыл осы елде соққан төртінші тайфун.

Дүйсенбі кешінде тайфун Гуандун провинциясында өтіп, 230 мыңға жуық адам эвакуацияланды.

Қатты жел мен жаңбыр салдарынан жүздеген рейс пен пойыз тоқтатылды.

Аймақтық метеорологиялық бюросының мәліметінше, тайфун сейсенбі күні таңғы сағат 5:45-те Гуанси провинциясының Бейхай қаласында өтіп, жергілікті уақыт бойынша таңғы 9-да Циньчжоу қаласына жетті.

Тайфунның ортасына жақын желдің максималды жылдамдығы секундына 25 метрге жетті және солтүстік-батыс бағытта сағатына 15-20 км жылдамдықпен соғады деп болжанып отыр.

Циньчжоу, Фанчэнган және Чунцзо қалаларында нөсер жауын жауатыны болжанып отыр. Аймақтың оңтүстік және орталық бөліктерінде жел екпіні секундына 33 метрге жетеді.