Қытайда толассыз жаңбырдан мыңдаған үйлер қирап, миллионнан астам тұрғын зардап шекті
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қытайдың шығыс, оңтүстік және орталық аудандарында 16 мамырдан бері жауып жатқан толассыз жаңбыр салдарынан миллионнан астам адам зардап шекті.
15 адам қаза тапты, жеті адам із-түзсіз жоғалғандар санатында, деп хабарлады Орталық Қытай телевидениесіне сілтеме жасап ТАСС.
Жауыннан жанар-жағармай құю стансасы құлап, Хунань провинциясы Цзянхуа-Яо автономды уезінде екі адам қаза тапты. Билік 2 мыңға жуық жергілікті тұрғынды қауіпсіз жерге шығарды. Цзянси провинциясында сегіз адам ажал құшты, 65 мың адам қауіпсіз жерге шығарылды. 1655 үй қирады. Провинцияның тікелей экономикалық шығыны 450 млн юаньды ($73 млн) құрады. Ганьчжоу қаласында 220 мыңға жуық үй электр энергиясынсыз қалды. Гуанси-Чжуан автономды өлкесінде бес адам көз жұмды, алты тұрғын із-түзсіз жоғалды. Гуандун провинциясының әкімшілік орталығы - Гуанчжоудағы Байюнь халықаралық әуежайы найзағай салдарынан 360-тан астам әуе рейсін өзгертуге мәжбүр болды. Шэньчжэньде 230 рейс ұшырылмады. Синоптиктердің болжауынша, ауа райының қолайсыздығы жұмаға дейін сақталады.