Қытайда тұратын белгілі әдебиеттанушы-ғалым Әуелқан Қалиұлы қайтыс болды
Әуелхан Қалиұлы 1939 жылы ҚХР аумағындағы Шыңжаң, Алтай аймағының Бурылтоғай ауданы Жетіарал ауылында дүниеге келген. Шыңжаң педагогикалық институтын бітірген. Сол институтта (1959-1978), Шыңжаң университетінде (1978-1995) сабақ берді. 1995 жылдан Шыңжаң оқу-ағарту институтының ректоры болған.
Оның Қазақ тілі мен әдебиеті мәселелерін зерттеуге арналған «Жазушылықтың негіздері», «Қазіргі қазақ тілінің стилистикасы» секілді шығармалары жоғары оқу орындарында жеке пән ретінде оқытылған. «Қазақ ауыз әдебиетіне шолу» атты монографиялары және «Әдебиетіміз туралы кейбір ойлар» деп аталған ғылыми мақалалар жинағы, «Биіктеген там» әңгімелер мен эсселер жинағы, «Ауырлықты жер көтереді» пьесалар жинағы жарық көрді. «Қазақтың байырғы тұрмыс-салт жырлары» деген кітабы ағылшын тілінде жарияланған.
Әуелқан Қалиұлының өмірбаяны «Қытай оқу-ағарту мамандары», «Қытай мамандарының ірі сөздігі», «Қытай жазушыларының қысқаша өмірбаяны», «Қытайдағы қазақ мамандары», «Қазақстан ұлттық энциклопедиясы», «XX ғасырдағы Қытай қаламгері» қатарлы көптеген ірі кітаптарға еніп, оның еңбектері кеңінен таныстырылған.