Қытайда тұтас қалалар қаңырап бос қалып жатыр
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қытайда қалалардағы қымбат үйлерге қолы жетпеген тұрғындар баспанасы арзан ауылдық жерлерге көшуді жөн көріпті. Құрылысы бітсе де, өтпей тұрған үйлерді салған компания жұмысшылары жалақысынан қағылуда. Сарапшылар жылжымайтын мүлік саласындағы ауыр ахуал Қытайды үлкен дағдарысқа батыруы мүмкін екендігін айтуда, деп жазады 24.kz.
Қытайдың жылжымайтын мүлік нарығы әлемдік экономикаға қауіп төндіріп тұр. Себебі онда жаңадан салынып, қаңырап бос тұрған тұрғын үйлер саны күн санап артып барады. Осының салдарынан құны арзандаған пәтерлер құрылыс саласын едәуір ақсатуы мүмкін. Қазірдің өзінде аталған салаға қыруар қаржы жұмсаған Қытай билігінің еңбегі зая кетіп, ақыры бұл ахуал елдің әл-ауқатына кері әсерін тигізуде.
Қытайдағы Қаржы және экономика университетінің таяудағы зерттеулері жаңадан бой көтерген баспаналары бар қалалар саны 50-ге жақындап қалғанын көрсетті. Халық арасында «елесқалалар» деп аталып жүрген бұл шаһарлар негізінен Хайнань, Ганьсу провинцияларында орналасқан.
Одан кейінгі орындарда Тибет автономды ауданы мен Ішкі Моңғолия бар. Осының бәріне қатысты Қытайдағы жылжымайтын мүлік нарығын зерттеуші Джон Фоули жағдайдың көңіл көншітпейтінін айтуда:
- Қытайдағы құрылысы бітсе де иелері қоныстанбай бос тұрған үйлер бүкілхалықтық мәселеге айналды. «Елес қалалар» санының артуы ел билігін едәуір алаңдатып тастады. Бұл мәселедегі ең қиыны, құрылыс нысандарының өз бағасынан едәуір арзан бағаға сатылуы бүкіл әлемдік экономикаға қауіп төндіріп тұр. Себебі сол қалаларды салуға қаржы жұмсаған Қытай «әлемнің екінші экономикасы» ретінде ғаламдық экономиканы арттырмақ түгілі, шайқап алуы да мүмкін. Ал таяуда Мудис агенттігі Қытайдың тұрғын үй нарығындағы дағдарыс енді ғана аяғына тұра бастаған ортақ экономикаға ауыр соққы беруі ықтимал екендігін ескертті.
Егер агенттіктің жасаған болжамы орындалса, онда Қытайдың 2014 жылғы жалпы ішкі өнімі 7,5%-ға емес, небәрі 5%-ға ғана өспек. Статистикаға келер болсақ, 2013 жылдың қазан айында қытайлық құрылысшылар 200 млн. шаршы метрге үй тұрғызған. Ал осы жылы бұл көрсеткіш бірден 30%-ға артып, 280 млн. шаршы метрге жетті. «Елес қалалар» санының артып, пәтерлердің өтпеуі оны тұрғызған құрылысшылардың күнкөрісін нашарлатып жіберген.