Қытайда вокзал маңында тағы да пышақпен қаруланғандар шабуыл жасады
БЕЙЖІҢ. ҚазАқпарат - Қытайдың оңтүстігіндегі Гуанчжоу қаласының темір жол вокзалында суық қарумен қаруланған белгісіз адамдардың шабуылынан алты адам жараланды.
Оқиға бүгін жергілікті уақыт бойынша сағат 11:30-да Гуанчжоу қаласы темір жол вокзалының алдындағы алаңда орын алды. Кезекті пышақпен шабуылдаудан алты адам түрлі дене жарақатын алды.
Зардап шеккендер жергілікті ауруханаға жеткізілді, оларға медициналық көмек көрсетілді. Шабуыл жасағандардың біреуін полиция құрықтап үлгерді, екінші қаскүнем оқиға орнынан бой тасалап кетті.
Еске сала кетейік, соңғы екі айда бұл Қытайдың темір жол вокзалында бейбіт тұрғындарға жасалған үшінші шабуыл. Бірінші наурызда Юньань провинциясындағы Куньмин қаласында өрескел шабуыл барысында 29 адам қаза тауып, 143 адам жараланған. 30 сәуірде Үрімжіде пышақпен шабуылдау және жарылыс салдарынан 3 адам қаза тауып, 79 адам жарақаттанған болатын.