Қытайда жалпыұлттық халық санағы басталады
БЕЙЖІҢ. 1 қараша. ҚазАқпарат /Руслан Сүлейменов/ - Бүгін Қытайда алтыншы жалпыұлттық халық санағы басталады.
1-10 қараша аралығында 6 миллионнан астам санақшы 400 млн. астам үйлерді аралайды. Санақшылардың әрқайсысы 80-100 үйді аралауға міндетті. Осылайша олардың әрқайсысы елдегі 250-300 тұрғын туралы хабар береді.
Бұл халық санағы елдегі адам санын ғана анықтап қоймай, олардың жынысын, жасын, этникалық қажеттілігін, білім деңгейін, сонымен қатар халықтың кәсіби құрамын да анықтайтын болады. Қытай билігі осы санақ халықтың көші-қоны, әлеуметтік қамтамасыз етілуі, неке, туу деңгейі, адам өлімі, үймен қамтамасыз етілуі сияқты мәселелердегі жағдайды реттеуге көмектеседі деп үміттенеді. Қытай санағының тарихында алғаш рет Қытай Халық Республикасының азаматтары ғана емес, шетел адамдары да саналатын болады.
Мемлекеттік статистика басқармасының мәліметтері бойынша, халық санағына кететін шығын мөлшері 1,2 млрд. АҚШ долларын құрайды.
Естеріңізге сала кетейік, ҚХР-дағы алғашқы санақ 1953 жылы, кейін 1964, 1982, 1990 және 2000 жылдары жүргізілген. 2009 жылдың соңында Қытайда 1,334 млрд. халық бар екені анықталған болатын.