14:50, 27 Ақпан 2023 | GMT +5
Қытайда жаңа оптикалық телескоп орнатылады
БЕЙЖІҢ. ҚазАқпарат – ҚХР Шыңжаң Ұйғыр автономиялық ауданының (ШҰАА) оңтүстік бөлігіндегі биік тауға жаңа оптикалық телескоп орнатылады, деп хабарлайды ҚазАқпараттың меншікті тілшісі.
Қытай ғылым академиясы жанындағы Шыңжаң обсерваториясының ақпараты бойынша, жаңа телескоп ШҰАА оңтүстік бөлігіндегі тауда орналасқан бақылау станциясына, теңіз деңгейінен 4250 метр жерге орнатылады. Ол үлкендігі бойынша ҚХР-да үшінші орын алады. 1,9 метрлік оптикалық телескоп 2024 жылы маусымда пайдалануға беріледі. Мамандардың айтуынша, жаңа телескоптың көмегімен алынатын астрономиялық суреттердің сапасы 0,4 бұрыштық секундқа жетуі мүмкін.
Шыңжаңның бұл аймағында атмосферадағы ылғал мөлшерінің аз болуы мен агломерациялардың жарық кедергісін бөгейтін биік шың оптикалық бақылауға мінсіз жағдай жасайды. Оны әлемдік дәрежедегі астрономиялық обсерваториялармен салыстыруға болады.