Қытайда жергілікті қазақ тұрғындарын соққыға жыққан құрылысшылар кешірім сұрады
БЕЙЖІҢ. ҚазАқпарат - Шыңжаңда «Чжунго Цзяотун Цзяньшэ Цзитуань» қытай құрылыс компаниясы жұмысшылары мен жергілікті тұрғындар арасында болған жанжал құқықтық негізде қаралуда, деп хабарлады ҚХР бұқаралық ақпарат құралдары.
Мамырдың 2-і күні Қытайдың солтүстік-батысындағы Шыңжар-Ұйғыр автономиялық өлкесі Үрімжі қаласының маңындағы Дабачэн ауданында жол жөндеумен айналысатын қытай компаниясының жұмысшылары мен жергілікті тұрғындар арасында жанжал шыққан. Мұнда екі жақ бір-біріне күш көрсеткен. Қытайдың әлеуметтік желілерінің ақпараты бойынша, жаппай төбелеске 100-ден астам адам қатысқан. Салдарынан жергілікті екі тұрғын, сол жердегі этникалық қазақтар (ҚХР азаматтары) зардап шеккен. Қазір оларға ауруханада медициналық көмек көрсетілуде.
Қақтығыс биліктің жергілікті тұрғындарға тиесілі жер телімдері арқылы өтетін автожол салу туралы шешімінен кейін орын алған. Тұрғындар мемлекет меншігіне алынатын жер үшін ұсынылған өтемақы мөлшерімен келіспеген.
«Чжунго Цзяотун Цзяньшэ Цзитуань» құрылыс компаниясының өкілдері бейсенбі, 8 мамыр күні бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жариялаған хабарламасында зардап шеккендер мен олардың отбасыларынан кешірім сұрап, ақшалай түрде өтемақы төлеуге кепілдік беретіндерін айтты.