Қытайда жолаушылар автобусы жарылды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қытайдағы Ибинь (Сычуань оңтүстік-батыс провинциясы) қаласында жолаушылар автобусындағы өрт пен артынша орын алған жарылыс қасақана ұйымдастырылған болып шықты. Бұл туралы журналистерге қаланың көлік компаниясынан хабарлады, деп жазады шетелдік БАҚ.
Автобустағы жарылыс жергілікті уақыт бойынша сағат 17:00-де (мәскеу уақыты бойынша 13:00), көлік адамдарға лық толы кезде орын алған. Көлікте болғандардың көпшілігі сабақтан кейін үйлеріне қайтып бара жатқан оқушылар болатын.
Қайғылы оқиға салдарынан бір адам қаза тауып, 20 адам жарақат алды.
Тілшілерге автобус жолаушыларының берген сұхбаты бойынша, салонда алдымен бензиннің иісі күрт үдеп, артынша жалын лап ете қалған. Полиция оқиғаның себептерін тергеуді жалғастыруда.
Өткен жылдың маусымында елдің шығысындағы Сямэнь қаласында (Фуцзянь провинциясы) автобусты қасақана жағып жіберу салдарынан 47 адам ажал құшып, 34-ін күйік шалған.