Қытайдағы Ақсай қазақ автономиялы ауданында дүбірлі бәйге өтті – шетелдік БАҚ

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» ХАА шет мемлекеттерде қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.
None
Басты фото: kaz.people.cn

Ақсай қазақ автономиялы ауданында дүбірлі бәйге өтті – People.cn

Фото: kaz.people.cn

Қытайдың Ганьсу өлкесі Ақсай ауданында дүбірлі бәйге өтті, деп хабарлайды Қытайдың «People.cn» ақпарат порталы.

БАҚ мәліметінше, 30 сәуірде Ганьсу өлкесі Цзюцюань қаласы Ақсай қазақ автономиялы ауданы: 2023 жылғы Ақсай ауданының бәйге жәрменкесі және тағам мерекесі сынды бірқатар іс-шара өткізіп, 1 мамыр – Еңбекшілер мерекесін атап өткен.


Қазақ пен Түркия авиациясындағы ынтымақтастық – «TRT»

Фото: trt.net

Қазақстан Премьер-Министрі Әлихан Смайылов пен Түркияның «TAV Airports» холдингінің президенті Серкан Каптан кездесті. Тараптар авиация саласындағы ынтымақтастық және Қазақстанның көлік-логистика әлеуетін дамыту мәселелерін талқылады, деп хабарлады Түркия Радио Телевизия порталы.

Түркиялық БАҚ-тың келтірген мәліметіне сүйенсек, Әлихан Смайылов Түркия Қазақстанның сауда-экономика, инвестиция, сондай-ақ көлік саласындағы негізгі серіктестерінің бірі екенін атап өткен. Қазақстан премьерінің айтуынша, еліміздің көлік-логистикалық әлеуетін арттыруға үлкен көңіл бөлініп отыр. Бүгінде Үкімет алдында Қазақстанның сенімді континенттік транзиттік хаб ретіндегі рөлін күшейту міндеті тұр.

Премьер-Министр «TAV Airports» холдингінің Алматыдағы жаңа халықаралық терминал құрылысы бойынша ірі инфрақұрылымдық жобаға қатысуының маңызын атап өткен.

Ал Серкан Каптан болса компанияның Қазақстандағы қызметі мен өндірістік мәселелері жайлы, сонымен қатар елдегі басқа да авиация жобаларына қатысу жоспары туралы айтқан.

Сондай-ақ осы аптада «TRT»-да «Тарихи жәдігер қайтарылды» деген тақырыпта ақпарат жарияланды.

Түркиялық басылымның дерегінше, 1800 жылдық тарихы бар құлпытас Түркияның Италиядағы өкілетті елшілігіне тапсырылған.

Маңызды ғылыми деректерге ие құлпытасты Италиядан қабылдап алғандарын білдірген министр: «Министрлік қызметін бастағанымда қайтарып алған алғашқы жәдігер Газиантеп Зеугмадан еді. Бүгін осы ежелгі қаламыз тарихи бір бөлшегіне қайта қауышты. Тарихи жәдігерлердің заңсыз саудасымен күрес жалғасады», - деді.

ҚР Қорғаныс министрі Иранның аймақтағы бейбітшілік пен тұрақтылық үшін күш-жігерін жоғары бағалады – «Parstoday»

Фото: parstoday.ir

Иран мен Қазақстанның қорғаныс министрлері Шанхай ынтымақтастығы ұйымына (ШЫҰ) мүше елдер қорғаныс министрлерінің отырысы аясында кездесіп, өзара пікір алмасты, деп хабарлайды «Parstoday» ақпарат агенттігі.

Мәлім етілгендей, Иранның қорғаныс министрі Мұхаммадреза Аштиани Қазақстанды Орталық Азиядағы тәуелсіз әрі ықпалды ел деп атаған.

Оның айтуынша, Азия елдерінің қауіпсіздігі бір-бірімен тығыз байланысты. Иран мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынас пен қорғаныс саласындағы ынтымақтастықты арттыру екі елдің және аймақтың қауіпсіздігін нығайтуға ықпал етеді.

Ирандық басылымның келтірген дерегіне сүйенсек, осы кездесудің жалғасында Қазақстан Қорғаныс министрі Ислам Республикасының ШЫҰ-дағы рөліне тоқталып, Қорғаныс министрлігінің аймақтағы бейбітшілік пен тұрақтылық бағытында қорғаныс дипломатиясындағы күш-жігерін жоғары бағалаған.

Кездесу соңында екі елдің қорғаныс министрлері ынтымақтастықты нығайту және ынтымақтастық деңгейін арттыру, екі жақтың стратегиялық мүмкіндіктерін пайдалану үшін Иран мен Қазақстандағы кездесулерді жалғастыру қажеттігін қуаттаған.

Биыл «Қорғас» портынан күн сайын 20-дан астам пойыз жөнелтілуде - «Халық» газеті

Фото: kaz.people.cn

Биыл Шыңжаңның «Қорғас» портынан күн сайын 20-дан астам Қытай-Еуропа пойызы жөнелтіліп жатыр, деп хабарлайды «Халық» газеті.

Аталған басылымның дерегінше, «Қорғас» теміржол портының статистикасы биылғы 30 сәуірдегі жағдай бойынша, «Қорғас» теміржол порты арқылы кіріп-шығатын Қытай-Еуропа пойыздарының саны 2485-ке жеткенін көрсетті. Көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 14,8% өскен. Күн сайын 20-дан астам пойыздың өтуі аталған кеден бекетіндегі жүк көлемін 3,19 млн тоннаға ұлғайтқан. Қазір шекарадан өтетін пойыздардың саны мен жүк көлемі де артуда.

Ташкентте қазақ суретшілерінің «Түрлі-түсті жаңбыр» атты суреттер көрмесі өтуде - «ӨзА»

Фото: uza.uz

Ташкент фотосуреттер үйінде қазақ суретшілерінің «Түрлі-түсті жаңбыр» атты тақырыбында кескіндеме және графика сызбаларының көрмесі өтуде. Айтулы шара Өзбекстан өнер академиясы, Ташкент фотосуреттер үйі және Қазақстан суретшілер қауымдастығымен бірлесіп ұйымдастырылған. Бұл туралы өткен аптада «ӨзА» ақпараттық агенттігі хабарлады.

Өзбекстандық басылымның мәліметінше, кейінгі уақытта Өзбекстан мен Қазақстанның мәдени-білім саласындағы ынтымақтастығы барған сайын дамып келеді. Бұл өз кезегінде түрлі шығармашылық жобаларды жүзеге асыруға кең мүмкіндіктер ашады. «Түрлі-түсті жаңбыр» тақырыбындағы қазақ өнер мектебі өкілдерінің көрмесі соның айғағы.

Айта кету керек, көрмеге Араншы Шаржанов, Сұлтан Ілияев, Насыр Рүстемов, Мұхтар Бекенов, Мәдина Мұхтарова сынды қылқалам шеберлерінің туындылары қойылған.

Тоқаев Динь Лижэньді қытай тілінде құттықтады – CNR

Фото: akorda.kz

«Қазақстан Президенті Қытай шахматшысы Диң Лирынды (Динь Лижэнь) қытай тілінде құттықтады» - осындай тақырыппен бірнеше қытайлық басылым ақпарат жариялаған болатын.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2 мамыр күні классикалық шахматтан әлем чемпионы атағы үшін сайысқа түскен қытайлық Динь Лижэнь мен оның қарсыласы – ресейлік Ян Непомнящийді қабылдады.

Қытайлық kazakcnr.com сайтының жазуынша, Қ.Тоқаев шахматтан әлем чемпионы атанған қытай спортшысын оның ана тілінде құттықтаған.

«Кезінде Бейжің тіл университетінде оқыған, Қытайда сегіз жылға жуық қызмет істеген, қытай тілінде еркін сөйлейтін Тоқаев кездесуде арнайы Динь Лижэньге қытай тілінде құтты болсын айтты. Динь Лижэнь Тоқаевтың кездесуге шақыруы зор мәртебе екенін және осы турнирге қатысып, жеңіске жеткені үшін қуанышты екенін жеткізді», - деп жазады Қытайдың «Орталық халық радиосы».

Айта кетейік, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2 мамырда Ақордада Шахмат федерациясының (ФИДЕ) төрағасы Аркадий Дворковичті, шахмат бойынша гроссмейстер Ян Непомнящий мен Динь Лижэньді қабылдаған болатын.


Соңғы жаңалықтар