Қытайдағы халықаралық турнир алматылық волейболшылар үшін Азия чемпионатына дайындықтың соңғы кезеңі болмақ
АЛМАТЫ. 18 шілде. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Ерлер клубтары арасында Қытайдың Тайсанг қаласында өтіп жатқан халықаралық турнир «Алматы» волейбол клубы үшін дайындықты пысықтайтын үлкен сынақ болуда.
Олар бұл жарыста Қытай, Австралия және Иранның ұлттық құрамаларымен сынға түсуде. Алғашқы айналымда жерлестеріміз Қытай мен Австралия спортшыларына 3:0, ал ирандықтарға 3:1 есебімен есе жіберді. Шілденің 13-і күні басталған бұл турнирдің екінші айналымы енді Дженг Джанг қаласында жалғасуда. Ол шілденің 20-сына дейін созылмақ. Одан кейін олар бірден Индонезияға аттанады. Онда 23-31 шілде күндері клубтық Азия чемпионаты болады. Оған құрлықтың үздік 12 командасы қатысады. Қазақстандықтар өткен жылғы клубтық Азия чемпионатының чемпионы атанған Иран мен күміс жүлдегер болған Катар спортшыларымен бір топта сынға түседі. Бұл топта сондай-ақ олардан бөлек Түрікменстан, Тайланд және Мьянмы спортшылары да өз бақтарын сынайтын болады.