Қытайдағы қандастар сол елдегі қытайландыру үдерісіне жұтылып кетпеуі керек - Б. Тілеухан

АСТАНА. 11 қазан. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Қытайдағы қандастар сол елдегі қытайландыру үдерісіне жұтылып кетпеуі керек. Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде «Нұр Отан» ХДП Фракциясы жанындағы Әлеуметтік кеңестің отырысы барысында депутат Бекболат Тілеухан осылай мәлім етті.

Қытайдағы қандастар сол елдегі қытайландыру үдерісіне жұтылып кетпеуі керек - Б. Тілеухан

Естеріңізге сала кетейік, жиын «Мемлекеттің оралмандарға қызмет түрлеріне қол жеткізуді қамтамасыз ету саласындағы әлеуметтік саясаты» тақырыбында өткен болатын.

«1999 жылы қолданысқа енген Адам құқықтары жөніндегі халықаралық пактілердің негізінде Қазақстанда және Қытайда бөлініп-жарылған отбасылардың туыстары өздерінің жеке кепілдігімен құзыретті органның келісімін алу арқылы көрші елдегі отандастарымызды көшіріп әкелуші еді. Сол тәртіп 2006 жылдан бері сап тоқтап қалды. Ал халықаралық пактіге сәйкес, шекараның екі бетінде қалып қалған туыстар бір-бірін еліне шақыруға құқығы бар болатын. Осы халықаралық құжатты біз өзіміздің заңымыз арқылы басып тастаппыз. Бұл қалай?», - дейді өз сөзінде Б. Тілеухан. Бұл ретте депутат қазіргі күні Қытайда 1,5 млн. қандас бар екенін, ал көрші елдегі «батыс Қытайды игеру» саясатынан сол қандастарды құтқармаса болмайтынын алға тартады. «Өйткені, қытай саясатының бүгінгі жемісі - 13 жасқа дейінгі қазақ баласы бара бара қазақшадан қалып, қытайшаға көшіп жатыр. Бір сөзбен айтқанда, қытайландыру үдерісі керемет қарқын алып барады. Сондықтан да, бүгін қимылдамасақ, ертең бәрі кеш болуы мүмкін», - деді Б. Тілеухан.