Қытайдағы қазақ боксшысы Наурыз мейрамына орай бейне-құттықтау жолдады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қытайда тұратын 22 жастағы қазақ боксшысы Бейсенбі Нәсиоллаұлы (11-0-1, 5КО) ҚазАқпаратқа бейнежазба жолдап, барша қазақстандықтарды Наурыз мейрамымен құттықтады.
«Ассалаумағалейкум, барша қазақ жұрты! Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесі құтты болсын. Барша қазақ шаңырағына бақытты да, баянды өмір сүруге нәсіп етсін! Қазақ елі, қазақ спорты үлкен белестерді бағындырып, жеңістерден жеңіске жете берсін! Астана қаласында болатын ЭКСПО көрмесінің сәтті өтуіне шын жүректен тілектеспін!», - деді ол өз тілегінде.
Айта кетейік, қытайлық жанкүйерлер Головкиннің ізбасары деп , «OneG» атап кеткен Бейсенбі кәсіби рингте жалпы 12 кездесу өткізіп, 11 айқаста жеңіске жеткен (5 нокаут) және біреуінде тең түскен. Қандасымыз 2015 жылы 7 кездесу, 2016 жылы 5 кездесу өткізіп, WBC нұсқасы бойынша бокстан жастар арасындағы әлем чемпионы (WBC World Youth Champion) және WBA бойынша Қытай чемпионы атанған болатын.
«Алла қаласа келесі қарсыласым - жапондық боксшы Тайшо Озава. Бұл жекпе-жекте мен WBA нұсқасы бойынша Азия чемпионы атағы үшін таласпақпын»,- дейді қандасымыз.
Тайшо Озава кәсіпқой рингте 32 кездесу өткізген, оның 21-інде жеңіске жетіп, 13-ін мерзімінен бұрын аяқтаған. Сондай-ақ, 9 рет жеңіліс тауып, екеуінде тең түскен.