Қытайдағы Орталық Азия халықтарының деректануына кеңестік шығыстанушылардың ықпалы зор
АЛМАТЫ. 23 шілде. ҚазАқпарат - Қытайдың ерте және орта ғасырлардағы 24 династиясының тарихы олар күйрегеннен соң жазылып, 1 ғасырдан соң қазіргі дәуірге дейін қайта редакциялаулардан өтіп тұрған. Қытайтанушы Клара Хафизованың айтуынша, аспанасты еліндегі ең алғашқы тарихи мұрағат Бейжіңде құрылған.
Онда негізінен Мин және Цин дәуірлеріндегі (XV-XIX ғасырлар) құжаттар жиналған. Ал екінші тарихи мұрағат Нанкинде орналасқан. Ондағы материалдардың көпшілігі Қытай Республикасының ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басына дейінгі уақытты қамтиды. Қытайдың Орталық Азия халықтары туралы бұдан өзге Гугундағы Тайбэй музейінде, Бейжің мен Сишандағы Қытай коммунистік партиясы мұрағатында, Үрімшідегі Шыңжаң провинциялық мұрағатында, Ланьчжоудағы Ганьсу провинциялық мұрағатында және Чэндудағы Бишу шаньчжуан императорлық жазғы резиденциясы мұрағаты мен музейінде сақталған. Ондағы Орталық Азия халықтарының деректануына кеңестік шығыстанушылардың ықпалы зор.
«Қытай тарихнамасы ХХ ғасырдың соңында ғана деректану мен тарихнаманың заманауи деңгейіне жақындады. Дегенмен, ол әлі күнге дейін феодалдық тарихнамадан алысқа ұзап кеткен жоқ.Жалпы Шыңжаң тарихы және оның қазіргі жағдайы Қытайдың шекаралас аудандарындағы ең көкейкесті тақырыбы болып отыр. Ол Тибетпен тең дәрежеде болуы да мүмкін», - дейді Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогика университетінің оқытушысы, тарих ғылымының докторы Клара Хафизова.