Қытайдағы шахтада газ атқылап, 12 адам опат болды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Цзилинь провинциясының Тунхуа округіндегі шахтада газдың атқылауы салдарынан 12 адам қаза тапты, деп хабарлады дүйсенбі күні Синьхуа.

Қытайдағы шахтада газ атқылап, 12 адам опат болды

Агенттіктің мәліметтерінше, оқиға жексенбі күні күндіз Байшань қаласында орын алған. Сол кезде жердің астында 700-ден астам адам болған.

Оқиғадан кейін 692 кенші шахтадан көтеріліп үлгерген, тағы 13-і жердің астынан шыға алмай қалған. Соның ішінде 12-сі қаза тапты. Тірі қалған шахтер ауруханаға жеткізілді, оның жағдайы тұрақты деп бағаланып отыр.

Құтқару операциясына 316 адам, жедел жәрдем қызметінің 11 көлігі, 46 медициналық қызметкер тартылды. Қазіргі кезде іздеу-құтқару іс-қимылдары аяқталды, болған оқиғаның себептерін тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.