Қытайдың Алтай қаласында қазақша күрестен Азия чемпионаты өз мәресіне жетті (ФОТО)
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақ күресінің қадамы бүгінгі таңда қарыштай түсуде. Оның айғағы осы ата күресімізден өтіп жатқан әлем, Еуропа және Азия сайыстары болып табылады. Міне, төл күресімізден тағы бір сүйінші хабар Қытайдың Шыңжаң ұйғыр автономиялы өлкесіне қарасты Алтай қаласынан келіп жетті.
19 мемлекеттің спортшылары қатысумен өткен 11-ші реткі құрлықтық додаға 60 және 70 келі салмақта жерлестеріміз Қуаныш Ысқақов пен Қуаныш Сәбитов топ жарса, 80 келіде бас жүлдені қытайлық қандасымыз Аманжол Үсентай қанжығасына байлады. Бұл туралы ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының баспасөз қызметінен хабарлады .
Жерлесіміз Ғани Сейділдаев түйе палуан атанып, алтыннан алқа тақты. Сонымен ұлттық құрамамыздың қоржыны 8 медальға толықты. Оның бесеуі алтын, екеуі күміс және біреуі қола медаль.
Еске сала кетейік Азия чемпионаты Қытай жерінде екінші рет өткізіліп отыр. Осыдан бір жыл бұрын Гансу провинциясына қарасты Ақсай қазақ ауданында өткен болатын. Келесі Әлем чемпионаты да сонда болады деп жоспарлануда. Бұл жолғы кездесуде жалпы есеп бойынша Қазақстан бірінші орынды иеленді.