Қытайдың «Басты жаңалықтар» әлеуметтік желісінде Си Цзиньпин сапары мен оның марапаты кеңінен талқыланды
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қытайдың «Басты жаңалықтар» әлеуметтік желісінде Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпинның Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапары мен алған марапаты кеңінен талқыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Аталған әлеуметтік платформада Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпиннің сөзіне сілтеме жасай отырып, бұған дейін оның Қазақстанға 5 жыл бұрын барғаны айтылады.
«Бейжің қысқы олимпиадасынан кейін Президент мырзамен қайта кездескеніме қуаныштымын. Бес жылдан кейін көркем Қазақстанға тағы да сапарлай келуім айрықша жылы сезімге бөледі. Бұл менің пандемия басталғаннан бері шетелге жасаған алғашқы сапарым. Мен Қазақстанды таңдадым. Бұл қытай-қазақ қатынасының жоғары деңгейі мен ерекшелігін, біздің достығымыздың тереңдігін көрсетеді», - деген ҚХР Төрағасы.
Сондай-ақ, көрші мемлекет басшысының Қазақстанды Орталық Азиядағы үлкен мемлекет екенін және Еуразия аймағында маңызды ықпалы бар ел екенін атап өткені айтылады.
«Мен Қытай Үкіметінің Қазақстанмен арадағы қатынасына ерекше назар аударатынын нақты айта аламын. Халықаралық жағдай қалай өзгерсе де, Қытай әрқашан Қазақстанның тәуелсіздігін, егемендігі мен аумақтық тұтастығын сақтауына қолдау көрсетеді. Президент мырзаның тұрақтылық пен дамуды қамтамасыз ету мақсатымен жүргізіп жатқан реформаларын берік қолдайды. Қазақстанның ішкі ісіне кез келген күштердің араласуына табанды түрде қарсы тұрады. Қытай әрқашан Қазақстанның сенімді досы әрі серіктесі болып қала береді», - деген Си Цзиньпин.
Желі платформасында Қытай Төрағасына табысталған марапаты да талқыланып жатыр.
«Жұлдызды төсбелгі ордені алтыннан жасалған. Пішіні негізінен алқа орденімен ұқсас. Айырмашылығы – бес бұрышты, алтын түсті орденнің төменгі бөлігіндегі жұлдыздың «сәулесі» қанық әрленген. Бұл орден кеуденің сол жағына тағылады», -деп сипатталған.
«Төраға Си Цзиньпин Нұр-Сұлтан қаласында ҚР Президенті Тоқаевтан «Алтын Қыран» орденімен марапатталды» деген тақырыппен жарияланған ақпаратта «Алтын Қыран» ордені Қазақстанның ең жоғары құрметті марапаты екені айтылады.

Бұл марапаттың 1995 жылы бекітілгенін, оның Қазақстан мемлекеттілігінің құрылуына елеулі үлес қосқан көрнекті тұлғаларға, соның ішінде Қазақстанмен сыртқы достық қарым-қатынаста оң нәтижелерге қол жеткізуге ықпал еткен шетел мемлекет басшыларына табысталатыны айтылған.
Платформада кеңінен талқыланған тақырыпта«Алтын Қыран» орденінің дизайынында қандай мән бар?», - делінген.
«Орден жұлдызды және ілмекті алқалық болып екіге бөлінеді. Ілмекті алқалық ордені Қазақстанның мемлекеттік Елтаңбасының пішінінде жасалған. Салпыншағында мемлекеттік Тудың элементі – күн астындағы қыран бейнеленген. Орденнің негізгі бөлшегі алтыннан жасалып, жұлдыз пішінде құйылған. Әр бұрыштың алтын жиектері «клуазон эмаль» әдісімен жасалған. Орденнің қақ ортасында алтын қыран бейнеленген. Артқы көрінісі көк бояумен, айналасы ақ алтынмен көмкерілген», - деген сипаттама берілген.