Қытайдың Хэбэй провинциясында нөсер жауынға байланысты 1,2 миллион адам эвакуацияланды
БЕЙЖІҢ. ҚазАқпарат – Қытайдың солтүстігіндегі Хэбэй провинциясында нөсер жауынға байланысты 1,2 миллионнан астам адам эвакуацияланды. Бұл туралы ҚазАқпарат Синьхуа ақпарат агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.
3 тамыздағы жағдай бойынша, Хэбэй провинциясында 1,23 млн адам қоныс аударды, соның ішінде 857,2 мың адам - су тасқыны болған аймақтардың тұрғындары.
27 шілдеде «Доксури» тайфуны Хэбэй провинциясының көп бөлігін қамтыды. Бұл провинциядағы жауын-шашынның орташа мөлшері 146 мм-ден асты, әсіресе 600 мың халқы бар Чжуочжоу қаласы зардап шекті. Бұл елді мекенде жауын-шашынның орташа мөлшері шамамен 400 мм болды.Жергілікті БАҚ-тың хабарлауынша, осы провинциядағы су резервуарлары мен тұндырмаларда тасқын су бір аптадан бір айға дейінгі уақытта шегінеді деп күтілуде.
Хэбэй провинциясында жауған жауын-шашынның жалпы көлемі 27,5 млрд текше метрге жетті. Бұл провинциядағы барлық ірі және орта су қоймаларының жалпы сыйымдылығынан екі есе көп.
Қазіргі уақытта Хэбэйде 100 мыңнан астам құтқарушы жұмыс істеуде.
Провинцияның Төтенше жағдайлар басқармасының мәліметінше, 29 шілдеден 1 тамызға дейін қатты жаңбырдан туындаған су тасқыны салдарынан 94 уез мен аудан, сондай-ақ Хэбэй провинциясындағы 826 кент зардап шекті. Келтірілген экономикалық залалдың есебі жүргізілуде.
«Доксури» тайфуны Қытайдың солтүстік-шығысына қарай жылжыды, онда қатты жаңбыр жауып тұр.