Қытайдың коронавирусқа қарсы вакцинасының бағасы белгілі болды
«China National Biotech Group әзірлеген екі вакцина биылғы жылдың желтоқсан айында нарыққа шығады деп жоспарланып отыр. Вакциналардың екі дозасы 1000 юаньнан төмен болады», - деді CNBG бас заң кеңесшісі Чжоу Сун.
Оның айтуынша, компанияның екі вакцинасы БАӘ, Бахрейн, Перу, Морокко, Аргентина және Иорданияны қоса алғанда, 10-нан астам елде қауіпсіздігі мен тиімділігі тексерілетін сынақтың үшінші кезеңінен өтуде.
«Вакцинацияланған он мыңдаған адам COVID-19 індетін жұқтыру қаупі жоғары елдер мен аймақтарға сапар шекті. Осы уақытқа дейін олардың ешқайсысы ауру жұқтырмаған. Бұл вакциналардың тиімділігін дәлелдейді», - деп атап өтті Чжоу Сун.
CGTN материалында клиникалық зерттеулердің нәтижелері CNBG вакцинасының екі дозасын екі-төрт апта аралығында алған адамдарда алғашқы дозадан жеті күн өткен соң антиденелер түзілгенін көрсетті.
CNBG вакциналары адамды коронавирустан 1-3 жыл аралығында қорғай алады. Бес айдан астам уақыт бұрын вакцинацияланған алғашқы 180 еріктіні бақылау кезінде бұл топтағы антиденелер деңгейінің «жоғары шекте және олардың төмендеу белгілері жоқ» екенін көрсетті.
Сонымен қатар, CNBG олардың вакциналары COVID-19-дың барлық штамын қорғауға қабілетті екенін айтты.
«Шынында да, вирустың мутацияға ұшырайтын бірнеше кіші түрлері бар, бірақ оның негізгі гендік тізбегі мен ақуыз құрылымы түбегейлі өзгерген жоқ. Вакциналар алдағы бірнеше жылда осы мутацияланған вирустармен күресуде ешқандай қиындық туғызбайды», - деді CNBG бас заң кеңесшісі Чжоу Сун.
«China National Biotec Group» компаниясының жылдық өндірістік қуаты – 300 млн дозаны құрайды. Үш-алты айдан кейін вакциналар өндірісін 1,3 млрд дозаға дейін ұлғайтуы мүмкін.
Руслан Сүлейменов