Қытайдың Шыңжаңында лаңкестік жасауға айыпталған тағы он үш адамға өлім жазасы кесілді

БЕЙЖІҢ. ҚазАқпарат - Шыңжаңдағы лаңкестікті жасауға айыпталған он үш адам дүйсенбі күні ең жоғары жазаға кесілді. Мұндай шешімді ҚХР ШҰАӨ-нің жергілікті соттары шығарды.

Қытайдың Шыңжаңында лаңкестік жасауға айыпталған тағы он үш адамға өлім жазасы кесілді

7 қылмыстық іс материалдары бойынша айыпталған он үш адам лаңкестік топтарды ұйымдастырғаны және оған басшылық еткені, қатысқаны, сондай-ақ қасақана адам өлтіру, өрт қою, жарылғыш заттарды дайындау, сақтау және тасымалдау қылмыстары үшін өлім жазасына кесілді.

Олардың ішінде үш адам 2013 жылы маусымда ШҰАӨ әкімшілік орталығы - Үрімжі маңында орналасқан Тұрфан округінде лаңкестік әрекет ұйымдастырғаны үшін ең жоғары жазаға тартылды. Осы шабуыл кезінде 24 адам қазаға ұшырап, 23-і жараланған болатын.

Еске сала кетейік, сол кезде адамдардың белгісіз тобы полицей учаскесіне, қарулы полиция арнайы бөлімшесіне, жергілікті әкімшылық ғимаратына және мигрант жұмысшылардың құрылыс алаңына шабуыл жасаған болатын. Шабуыл барысында полицейлердің машинасы өртелді. Полиция қызметкерлерінің қару қолдануы нәтижесінде он бір шапқыншы өлтірілді, төртеуі қолға түсті.