Қытайдың тоғыз провинциясында халық саны азайып жатыр

БЕЙЖІҢ. ҚазАқпарат – Қытайдың тоғыз провинциясында халық саны табиғи азайып жатыр. Бұған ҚХР-дің 23 әкімшілік-аумақтық бөлінісіндегі статистикалық деректер дәлел болып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпараттың меншікті тілшісі.

Қытайдың тоғыз провинциясында халық саны азайып жатыр

2021 жылдың қорытындысы бойынша, Қытайдың тоғыз провинциясында, соның ішінде Хэбэй, Цзянсу, Хунань, Хубэй, Шаньси, Хэйлунцзян және басқаларында халықтың табиғи азаюы байқалған.

Қытай сарапшылары қазір демография саласында негативті тенденциялар қалыптасып жатқанын атап өтті.

«Қытайда туу деңгейі ғасырдан астам уақыт бойы төмендейді деп болжауға болады. «Үшінші бала» саясаты кейбір мәселелерді жеңілдетуі мүмкін, бірақ ол қысқа мерзімді перспективада тенденцияны өзгертпейтін шығар», - деді қытайлық демограф Хуан Вэньчжэна «Хуанцю шибао» газетіне.

Оның айтуынша, туу деңгейі жоғары аудандар негізінен урбанизация деңгейі төмен Қытайдың бірқатар батыс және орталық аймақтарында орналасқан.

Демографтар Қытай халқының азаюын бала туу жасындағы жастар мен әйелдер санының азаюымен, сондай-ақ медициналық қызмет пен білімге жұмсалатын үлкен шығындарға байланысты балалы болғысы келмейтін жастар санының өсуімен түсіндіреді.

Сонымен қатар, елде ажырасудың жоғары деңгейі байқалады.

Қытай Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, 2021 жылы туу коэффициенті 1000 адамға шаққанда 7,52 құрады. 2020 жылы бұл коэффициент 8,52 болған.

2021 жылы Қытай билігі отбасыларға үш бала табуға рұқсат берді.

Бұл шара демографиялық құрылымды жақсарту және ел халқының қартаюына қарсы стратегияны іске асыру үшін қабылданды.

Еске сала кетейік, 1970 жылдардың аяғынан бастап ҚХР-да бала тууды шектеуге бағытталған қатаң демографиялық саясат жүргізілді.

Кейбір жағдайларды есепке алмағанда, отбасыларға тек бір бала табуға ғана рұқсат етілді.