Қытайдың тұңғыш ұшақ тасығыш кемесінде Жұлдыз атты қазақ қызы қызмет етеді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қытайдың тұңғыш ұшақ тасығыш кемесінде (авианосец) Жұлдыз атты қазақ қызы қызмет етеді. Бұл туралы қытайлық БАҚ хабарлады.
Қытайдың тұңғыш ұшақ тасушы Ляонин кемесіне әйел әскерилер тұңғыш рет алынып отыр. Сондықтан жұртшылық тарапынан оларға ерекше назар аударылуда. Ляониндегі әскери қыздар теңіздегі байланыс пен навигация саласында қызмет ететін болады.
Айта кетейік, жалпы нәзік жандылар тұңғыш ұшақ тасушы кемедегі әскери құрамның 5 пайызын құрайды.
Ляонин авиатасымалдаушысындағы әйел әскерилер 9 ұлт өкілдерінен құралған. Солардың ішінде Жұлдыз атты қазақ қызы да бар. Оның туған жері Шыңжаң өлкесінің Санжы қаласы теңізден қашық болғандықтан, әскер қатарына қабылданғанға дейін теңізді мүлде көрмеген болып шықты.
«Мен өмірімде теңізді көрген емеспін. Тіпті ақ форма киіп, авиатасығышта әскери қызмет етем деп те ойламаған едім. Есімде, біз мұнда түнде келдік. Алыстан үлкен жарықтар жанып тұрды. Мен кемені сол шамдарға қарап үлкен ғимарат екен деп ойлағанмын. Сөйтсем, ол алпауыт авиатасығыш болып шықты», - дейді Жұлдыз.