Қытайдың жайтабаны қазақты майтабан қылды - баспасөзге шолу

АСТАНА. 7 желтоқсан. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 7 желтоқсан, жұма күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
None
None

 ***

Бүгін, 7 желтоқсан күні «Егемен Қазақстанда» «Мемлекеттік қызмет реформалары Елбасы бағдарламасынан туындап отыр» деген тақырыппен Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Әлихан Байменовпен арадағы сұхбат берілген.

Сұхбатта Ә. Байменов жақында өзі барып қатысып қайтқан Париждегі мемлекеттік қыз­мет жөніндегі жиыннан түйген ойларымен бөліседі. «Ұлт көшбасшысы - Елбасы Нұр­сұл­тан Назарбаев Қазақстанды әлем­де­гі ең озық елдердің қатарына қосу бойынша үлкен міндеттерді айқындап, стра­тегиялық жоспарды белгілеген. Осы жолдағы жекелеген бір шара - болашақта әлемнің ең алдыңғы қатарлы 34 мемлекеті кіретін Экономикалық ын­тымақтастық және даму ұйымына (ЭЫДҰ) мүше болу. Биылғы жылдан бастап Қазақстан осы ұйымның мем­лекеттік басқару комитетімен тығыз жұмыс істей бастады», дей келе Ә. Байменов Дүние­жүзілік банктің берген бағасы бойынша, көшбасшылықтың негізгі факторы - Елбасы Н.Назарбаевтың саяси жігері екенін, сол себептен, басқа көрші елдер бара ал­ма­ған реформаларды Қазақстан жү­зеге асырып жатқандығын атап өтеді. Оның айтуынша, бұл ғаламдық басқосу ке­зінде осы ұйымның және мүше елдер­дің мемлекеттік басқару саласындағы құ­ры­лым басшыларымен, мамандарымен кездесіп, тығыз қарым-қатынас орна­туға уағдаластық жасасып қайтқан.

Сондай-ақ, газетте «Адамзат ертеңі - «Жасыл энергия» деген атпен сараптамалық материал жарияланды. Онда жұмыр жерді мекендейтін жеті миллиард адам­ның күн­нен-күнге өсіп бара жатқан энерге­ти­ка­лық сұра­нысын қанағаттан­ды­ру планетамыздың бо­лашақтағы ең бір өзекті проблемасына айналып бара жатқандығы тілге тиек етіледі. Автордың айтуынша, элек­тр қуатын өндіру үшін көмір­су­тегі шикізатын көп­теп пайдалану - ауа­ны ластап, атмосферадағы тепе-теңдікті бұзды. «Жа­һандық жылыну үрдісі» атты дәуірлік қауіп қыр астынан бас көтерді. Ға­лымдар­дың пікірінше, осы жүз­жыл­­дық­тың соңына таман ауа­ның температурасы 6,4 градусқа жылынып, әлемдік мұ­хиттардың деңгейі 58 сантиметрге көтеріледі екен. Сон­дық­тан бүгінгі таңдағы түйінді мәселе - дәстүрлі энергетикалық қуат шикізаттарына тиімді балама табу. Тұңғыш Пре­зи­дентіміз Нұр­сұл­тан Назарбаевтың бастамасымен өмірге келген Астана ЕХРО-2017-нің басты ұраны - «Бо­ла­шақ­тың энергиясы» болып отыр­ған­дығы да тегін емес.

Сонымен қатар, мақалада жел энергиясын қалай өндіру, қалай пайдалану керектігі, осы энергияны пайдаланудағы Қазақстанның әлеуеті егжей-тегжейлі жазылған.

***

 «Алаш айнасы» газетінің 7 желтоқсан күнгі санында «Қытайдың жайтабаны  қазақты майтабан қылды» деген мақала жарияланған. Онда Отандық аяқкиім өндірісінің аяғына тұсау болып отырған мәселелер талқыланып, сапасыз, арзан қытай өнімдерінің халықты ауру қылып жатқаны жазылған. Мақала осы саланың басы-қасында жүрген мамандардың пікірмен толықтырылған.

«Соңғы жылдары әскерге жарамсыз жастар көбейді. Отан қорғауға қауқарсыздардың тең жартысы майтабан. Ал бұл аурудың аяқкиімнің дұрыс таңдалмағандығынан болатыны бесенеден белгілі. Ешбір ортопедиялық талаптарға сай келмейтін қытайлық етік осылайша қазақтың жауға шабар жастарының адымын аштырмай тастады. Алайда Шығыстан келген өнімнің шекемізге сор болып тиіп жатқанын білгенімен, одан бас тартып жатқан жан байқалмайды. Дүкен сөрелерінде сол бәз-баяғысынша самсап тұр» - деп жазады газет. 

Автордың айтуынша, қытайлықтар әлемнің аяқкиім нарығының 60 пайызын қамтамасыз етіп отыр екен. Ал Қазақ елі тұрғындары киіп жүрген етік-бәтеңкелердің 70-80 пайызы осы елде тігіледі. Одан қалғанын Ресей, Түркия мен Италия, тіпті көрші Қырғызстан тауарлары басып алған. Ал қазақ етікшісі бізін жоғалтып алғанға ұқсайды, сөзімізге дәлел: аяқ киім нарығында өзіміздің отандық фабрикалар өнімдерінің үлес-салмағы 3,5 пайыздан аспай қалған. Кезінде Алматыда шыққан «Жетісу» аяқкиімдерін бүгінде жарық күнде шам алып іздесең де, таппайсың.

Сондай-ақ, газеттің «Дода» бетінде «Бразилия футболы бразилиялық қазақтардың көзімен» деген тақырыпта Бразилияда тәлім алып жүрген қазақстандық команданың капитаны Рүстем Әбдіразақов пен вице-капитан Айболат Мақұловтың бразилиялық футбол туралы ойлары берілген.

«Жалпы, «Бразилияда футбол - нөмірі бірінші спорт» деп жай ғана айта салған дұрыс емес екен. Олар үшін аяқдоп өнері спорт қана емес, дін секілді болып кеткен. Сондықтан, үйренгеніміз көп болды. Бірінші ретте техникалық тұрғыда, физикалық тұрғыда, алаңда жылдам ойлау тұрғысында шеберліктерімізді арттырдық деп ойлаймын», - дейді Рүстем Әбдіразақов.

***

«Кеңес үкіметі бізге не берді? Сағымызды сындырды, рухымызды өлтірді, үмтімізді сөндірді. «Республика» деген атымыз болды, коммунизм деген «салтымыз» болды. Қазақы қалып пен ата салттан ажырап, жалған ұрандар жарға жыға жаздады», деп жазады «Айқын» газеті «Ленин неге ұнап жүр біреулерге?» атты мақалада.

Автордың айтуынша, телеарналардың бірінен Павлодар облысында 10 мыңдай халқы бар Ленин атындағы кенттің атын Қазанғап бидің атына ауыстыру төңірегінде шыққан дауды көрсеткен. «Отаншылдықтың рухы сезілмейтін ауыл тұрғындарының арасында «Кентті Қазанғап деп өзгерткенде жағдай түзеле ме?» деп даурыққан қандастарымызды да көрдік», - деп жазады автор.

Соңғы жаңалықтар