Қытайдың зиянды ойыншықтарына қашан тосқауыл қойылады? - Ж. Сүлейменов

«Соңғы кездері Қытайдан жеткізілген қауіпті ойыншықтардың қауіп-қатерге толы, құрамында адам ағзасына зиянды улы химиялық заттардың бар екенін айтып, бүкіл әлем дабыл қағуда. Дабыл қағып қана қойған жоқ, оған қарсы шаралар қолданылып жатыр. Мәселен, бүгінде аспан асты елінде шығарылған ойыншықтардың Солтүстік Америка мен Австралияның дүкендерінде сатылуына тыйым салынған. Сол сияқты, Ресей Қытай ойыншықтарын зерттеу нәтижесінде оның құрамында улы химиялық заттардың көптігін анықтаған соң, дайын өнімдерді кері қайтарып, тіпті осыған байланысты арнайы заң қабылдаған. Өкінішке қарай, басқаларға керексіз болып қалған осы ойыншықтар біздің елімізге еш кедергісіз, тексерусіз ағылып жатыр. Қолда бар деректерге сүйенсек, сауда нүктелеріне шығатын ойыншықтардың 80-90 пайызы қытайдікі көрінеді», деді депутат.
Сонымен қатар, депутат көрші ел асып келген ойыншықтар халықаралық стандарттарға сәйкес келмейтінін, олардың құрамында сәбилердің денсаулығына, өмiрi мен келешегiне қатер төндiретiн улы заттар аса көп мөлшерде екендігін атап өтті. «Мәселен, формальдегид әдеттегіден 10-15 есеге дейін көп. Және бояудың құрамында фенол, қорғасын элементтерімен қатар, химиялық ингредиенттер де кездесетін көрінеді. Өйткені, ойыншықтар негізінен химиялық өндірістің қалдықтарынан жасалынады. Ал бұл баланың миын зақымдап, көру қабілетін төмендетіп, кемтарлыққа ұшыратуы мүмкін», деді Ж. Сүлейменов.
Оның айтуынша, ойыншық арқылы баланың ойлау қабілеті артады, сол арқылы өмірге бейімделеді. Ал сапасыз, зиянды ойыншықтар баланың жан-жақты өсуіне кері әсерін тигізеді. «Сондықтан ұлт боламын деген, ұрпағын ойлаған ел балалар ойыншығына, әсіресе, сырттан әкелінетін ойыншықтың сапасына, қауіпсіздігіне айрықша көңіл бөлуге, қатердің алдын алуға тиіс. Сапасыз қытай ойыншықтарына қашан тосқауыл қойылады және балаларды денсаулықтарына қауіпсіз отандық ойыншықтармен қамтамасыз ету бағытында қандай шаралар атқарылуда?», деді сауалында депутат Ж. Сүлейменов.