«Қытайға құжат сатқандар сотталды»- республикалық басылымдарға шолу
***
Сәрсенбі күні Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Украина астанасы Киев қаласынан Эстонияға екі күндік мемлекеттік сапармен келді. Бұл Қазақстан басшысының кезектен тыс президенттік сайлауда қайта сайланғаннан кейін Мемлекет басшысы ретінде шетелге тұңғыш сапары еді. Осыған орай ел газеті «Егемен Қазақстанда» «Ықшам елдің үлкен мүмкіншілігі» деген тақырыппен көлемді мақала жарияланды. Басылымның атап өтуінше, Эстония Президенті Т.Ильвес өз елінің Қазақстанның әлемдік тұрақтылық пен бейбітшілікті сақтау жолында көтеріп жүрген бастамаларының бәрін қолдайтынын және жоғары бағалайтынын жеткізген. Келіссөздер қорытындысына өзінің риза екендігін жеткізе келіп, Н.Назарбаев Эстонияға Қазақстанды ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуде, Еуроодақпен байланыс орнатуда қолдау көрсеткені үшін ризашылығын білдірген.
«Кеше Қазақстан Республикасының Қауіпсіздік Кеңесі жанындағы Сараптамалық кеңестің отырысы болып өтті. Күн тәртібі бойынша Орталық Азияның аймақтық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері қаралды», - деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті. Басылымның атап өтуінше, Президенттің көмекшісі - Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Марат Тәжин аймақтық қауіпсіздікке кері әсер ететін трансшекаралық сипаттағы лаңкестік, діни экстремизм, заңсыз көші-қон, есірткі айналымы сияқты қауіптер мен қатерлерді атап өткен.
***
Алдағы маусымда Астанада Шанхай ынтымақтастық ұйымының дәстүрлі саммиті өтеді. Биылғы саммит ұйымның 10 жылдық мерейтойына тұспа-тұс келіп отыр. Осыдан он жыл бұрын іргесі қаланған ұйымның бүгінгі жетістігі қандай? «Бұл көптің көкейіндегі сауал. Бір нәрсе анық, ШЫҰ - он жылдың ішінде әлемдік қауымдастықтың мойындауына ие бола білді. Ұйымның ең үлкен жетістігі осы болса керек-ті», - деп жазады «Айқын» газеті бүгінгі санындағы «ШЫҰ саммитінде қандай мәселелер қаралуы мүмкін?» деген тақырыптағы мақаласында.
«Айқын» газетінің жазуынша, «Қарағанды қалалық соты мемлекеттік құпияны жария еткендері үшін жекеменшік өндірістік бірлестікте істейтін екі геологқа «мемлекеттік сатқындық жасады» деген айып тағып, ұзақ мерзімге бас бостандығынан айырған. Бұл туралы басылымның бүгінгі санындағы «Қытайға құжат сатқандар сотталды» деген мақалада баяндалған. Жер қойнауын пайдалану саласындағы жекеменшік өндірістік бірлестіктердің бірінде жұмыс істеп жүрген екі геолог-барлаушы Қытай азаматына геология саласындағы мемлекеттік құпия болып саналатын құжаттарды сатқан.
***
«Жапония жағдайға қарамастан қарыз беруге әзір». «Сенаттың жаңа тағайындалған төрағасы Қайрат Мәмидің жетекшілігіндегі алғашқы жиын кеше өтті. Бұған дейін сот билігінің жоғары лауазымында әбден ысылып, төрағалық тәжірибені сол тармақтан жинақтаған жаңа басшы заң шығарушы органның спикерлігін қымсынып, жатырқаған жоқ», - деп жазады «Алаш айнасы» газеті жоғарыда аталған тақырыптағы мақаласында. Басылымның атап өтуінше, жер сілкінісінен миллиардтаған сомаға зардап шеккендігіне қарамастан жапон елі Қазақстанға шамамен 68 млн. доллар қарыз беретіндігін қуаттап отыр.
Осы басылымның тұрақты «Дат!» айдарында шығыстанушы, филология ғылымының кандидаты Самал Төлеубаевамен арадағы сұхбат «Дінді кейде жастарымыз сақал қойып, орамал тарту деп түсінетін секілді» деген тақырыппен берілген. Басылым тілшісінің барлық сауалдарына тұщымды жауап берген ол: «Біздің қоғамда шығыстан бір нәрсе келсе, бірден үрпие қараймыз. Лаңкестік, исламдық фундаментализм, тағысын тағы деп, күні бұрын қауіптенеміз. Ал батыстан күніне мың қауіп келіп жатса да мән бермейміз. Мысалы, батыстың түрлі кинолары жастарымыздың санасын улап жатыр. Мұның кері нәтижелері де қоғамда әлден байқалуда. Оған сол батыстың өзіндегі оқиғалар-ақ куә. Бұл қауіп емей не?», - дейді.
***
«Кеше Премьер-Министр К.Мәсімовтің төрағалығымен Үкімет жанындағы Жоғары ғылыми-техникалық комиссияның Үкімет мүшелерінен, мемлекеттік органдар басшыларынан, жетекші ғалымдар мен сарапшылардан, даму институттарының, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың, кәсіпкерлік субъектілері мен ғылыми қоғамдық бірлестіктер өкілдерінен құрылған жаңа құрамдағы отырысы өтті», - деп жазады «Казахстанская правда» газеті. Басылымның атап өтуінше, онда Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов «Ғылым туралы» заңды жүзеге асырудың жаңа тетіктері туралы баяндап, 2011-2013 жылдарға арналған ғылымды дамытудың басым бағыттары айқындалған.