Қытайға жер сатылмайды, жалға да берілмейді - министр А.Күрішбаев

АСТАНА. Ақпанның 3-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Қытайға жер сатылмайды, жалға да берілмейді. Бұл туралы бүгін Парламент Сенатында өткен Үкімет сағатында Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаев мәлім етті,

Қытайға жер сатылмайды, жалға да берілмейді - министр А.Күрішбаев

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Үкімет сағатында А.Күрішбаевтың ауылшаруашылығы саласында атқарылып жатқан мәселелері жөніндегі баяндамасын тыңдаған депутаттар министрге осы сала бойынша өздерін толғандырған мәселелер жөнінде сауал жолдаған болатын. Сенатор Ғарифолла Есімнің айтуынша, Ауыл шаруашылығы министрлігі Қытайға жер сатуға қатысты мәселені ақпарат құралдарында ашық көрсетіп берді. Оның үстіне жақында бұған байланысты Бас прокуратура да өзінің мәлімдемесін жария етті. Жер сатылмайды. «Соған қарамастан қазір қоғамда жер сатылмағанымен ол қытайлықтарға жалға беріледі екен деген әңгіме жүр», деді сенатор.

Депутаттың аталмыш сауалына жауап берген Ауыл шаруашылығы министрі А.Күрішбаевтың айтуынша, қытайлықтар қазіргі таңда елімізден соя сатып алуға ынталы. «Ал соя тек суармалы жерлерде өседі. Біздегі суармалы жерлердің барлығы бос емес. Екіншіден, біздің заңдарымыз бойынша жерді қосалқы жалға беруге тыйым салынған. Сондықтан жерді ешкім де жалға бере алмайды. Қорыта айтқанда, біз Қытаймен келіссөздер жүргізу барысында оларға нақты түсіндірдік. Қазақстан Қытаймен тек сояны сату мәселесін ғана қарай алады. Біз осы бағытқа қаржы бөлу жағын да қарастыруымыз мүмкін. Бірақ жермен байланысты ешқандай да мәселе талқыланбайды. Біз жалға беру мәселесін де қарамаймыз. Ол мүмкін емес», деп түйді сөзін Ауыл шаруашылығы министрі.