Қытайға жүк тасымалдауға рұқсат бланкін шекараны кесіп өткенде алуға болады

АСТАНА. ҚазАқпарат – Қытайға жүк тасымалдауға рұқсат бланкін шекараны кесіп өткенде алуға болады. Бұл туралы ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті Бақылау департаментінің директоры Елдос Саудабаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қытайға жүк тасымалдауға рұқсат бланкін шекараны кесіп өткенде алуға болады

«Қытаймен шекарадағы «CargoAlem» электрондық кезек жүйесінің модулі негізінде ҚХР рұқсаттарының шетелдік бланкілерін беру автоматтандырылды. Бұл адами факторды алып тастауға және тікелей өткізу пунктерінде шетелдік рұқсат бланкілерін алуға мүмкіндік берді. Жоба пилоттық режимде 2024 жылдың наурызына дейін және тек Қытайға тасымалдауға қатысты басталды. Шетелдік рұқсат бланкі немесе халық айтқандай «рұқсат» - бұл тасымалдаушыларға жүктерді шетел мемлекеттердің аумақтары арқылы тасымалдауға мүмкіндік беретін құжат. Бұрын компанияға осындай бланкілерді алу үшін уәкілетті органға тікелей баруға және жүгінуге тура келетін еді. Қазір рұқсаттарды тікелей шекараны кесіп өткен кезде алуға болады. Бұл тасымалдаушыларға уақытты және қаржыны үнемдеуге мүмкіндік береді», - деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.

Департамент директорының атап өтуінше, бүгінгі таңда шетелдік рұқсат бланкілері өткізу пунктерінде 1 айлық есептік көрсеткіш (3450 теңге) мөлшеріндегі алым төленгеннен кейін беріліп жатыр. Ал бұрын көтерілген бағамен заңсыз қайта сату фактілері болған. Яғни бір бланкінің құны 2 мың АҚШ долларына дейін жеткен.

«Пилоттық жоба іске қосылған сәттен бастап, осы жылдың 26 сәуіріне дейін 21 мыңнан астам шетелдік рұқсат бланкілері берілді. «Рұқсаттарды» электронды түрде беруді енгізу – Мемлекеттік кірістер комитеті мен ҚР ИИДМ Көлік комитетінің бірлескен жобасы. Осы іс-шараларға мемлекеттік бюджеттен қаржы бөлінбегенін атап өтеміз», - деді Елдос Саудабаев.