Қытайлық әншілер тамағы ауырып қалған Димашқа қолдау көрсетті

Байқаудың сегізінші кезеңі бүгін эфирден көрсетілді. Отандасымыз тамағының ауырғанына қарамай сәтті өнер көрсетіп, қытайша «Таң атты» әнімен бесінші орынға тұрақтады.
Айта кетерлігі, демалыстың аздығы салдарынан тұмауратып тамағы ауырып қалған Димашқа жоғары деңгейде орындауды талап ететін «Таң атты» әнін орындау оңайға соқпаған. Жарыс жолынан шығып қалмау ұшін Димаш тамағына екі рет ауырғанды басатын дәрі егіп сахнаға шыққан.
Димаштың ауырғанын естіген «Таң атты» әнінің авторы, қытайдың танымал әншісі әрі «Singer» байқауы үшінші маусымының жеңімпазы Хан Хун Димашқа хабарласып өз кеңестерін айтқан. Ал жетінші кезеңде қатарға қосылған қытай эстрадасының жұлдызы Ли Цзянь Димашқа бағалы дәрі шөптен жасалған жөтелге және тамақтың ауыруына қарсы дәріні әкеліп беріп, қолдау көрсетті.
Барлық қатысушылар Димаштың тез жазылып кетуіне тілектестік білдіріп, қолдау көрсеткен. Димаш өз кезегінде алғысын айтып, осы қолдаудың арқасында қиындықтарды жеңгенін жеткізді.
Еске сала кетейік, Димаш жетінші кезеңде «Дайдидау» әнімен үшінші, сегізінші кезеңде қытайша «Таң атты» әнімен бесінші орын иеленіп, төртінші айналымның қортындысы бойынша бесінші болып келесі кезеңге өткен. Тоғызыншы кезеңде отандасымыз ағылшынша «All by Myself» әнін шырқап екінші орыннан көрінді.