«Қытайлық инвесторлар 5 млрд АҚШ долларын бөледі» - республикалық басылымдарға шолу
АСТАНА. Қазанның 17-сі. ҚазАқпарат/ - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда қазанның 17-сі, сенбі күні жарық көрген өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
***
«Қосылғанның қолы ұзын, қос керуеннің жолы ұзын» дейтін данышпан бабалар қалдырып кеткен дана сөз бар. Осы тәмсілге салып, көрші елдермен бірігіп, қауіпсіздігіміз бен ынтымақтастығымызды қамтамасыз ету үшін құрылған Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына (ҰҚШҰ) мүше мемлекеттер Қазақстанның «Мәтібұлақ» жалпыәскери полигонында алғашқы «Өзара іс-қимыл-2009» атты стратегиялық командалық-штабтық әскери жаттығуларын өткізіп, оған Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Ресей Президенті Дмитрий Медведев, Армения Президенті Серж Саргсян, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон мен Қырғызстан Президенті Құрманбек Бакиев қатысты», деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті. 5 мемлекеттің басшыларының қатысуымен өткен айтулы шара жайында «Қосылғанның қолы ұзын. Әскери әрекет театры антына адал сардарлар мен сарбаздар бар екендігін паш етті» атты тақырыппен берілген мақаладан егжей-тегжейлі таныса аласыздар.
Мәтібұлақтағы маңызды жаттығу барысын қаузаған келесі мақала «Айқын» газетінің сенбілік санында да жарық көрген.
Қазанның 13-інде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев осы күндерде 75 жылдығын атап өтіп жатқан Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде болып, мерекелік шараларға қатысқан болатын. Соның ең бастысы - Елбасының университеттің профессорлар мен оқытушыларына және студенттеріне арнап оқыған дәрісі телекөпір арқылы еліміздің барлық жоғары оқу орындарында көрсетілген еді. Елбасының осы дәрісіне қатысты жоғары оқу орындарының ұстаздары мен студенттерінің пікірлері әлі де баспасөз беттерінде жарияланып жатыр. «Егемен Қазақстан» газетінің сенбілік санында да осындай бір топ пікір «Болашақ кілті - біліктілік пен білімділікте» деген атаумен жарық көрді.
«Айналамызды аялайық». Осы тақырыппен «Егемен Қазақстан» басылымында жарық көрген сұхбат Қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрғали Әшімовпен арада өрбіген. Басылымның экология тақырыбындағы бірқатар сауалдарына жауап берген министр Семей өңірінің экологиялық жағдайы қалай деген сұраққа: «Республиканың экологиялық қауіпсіздігі проблемасы бұрынғы Семей ядролық сынақ алаңының аумағындағы радиациялық ахуалмен тікелей байланысты. Қазіргі уақытта радиоактивті зақымдануға ұшыраған аумақтардың шекаралары жеткілікті анықталмаған және бекітілмеген. Семей ядролық сынақ алаңы аумағында халықтың ауруға шалдығу деңгейінің жоғары екендігі байқалады. Ядролық сынақ жүргізу инфрақұрылымын жою жөніндегі жұмыстардың, халықаралық бағдарламалар мен жобалар шеңберінде зерттеулердің орындалуы барысында, сондай-ақ, Үкіметтің 1999 жылғы 12 наурыздағы №235 қаулысымен бекітілген «Қазақстан Республикасында атом энергетикасын дамыту» атты республикалық мақсатты ғылыми-техникалық бағдарламаны іске асыру кезінде алынған нәтижелер өңірдің радиоэкологиясының проблемаларымен қатар, тұтастай бірқатар жаңа проблемаларды анықтады. Бұл проблемалар, ең алдымен, ядролық әрі радиациялық қауіпті нысандардың қауіпсіздік және таратпау режімі мәселелерімен байланысты», депті.
«Тәуелсіз еліміздің аспанында ояну дәуірі атанған кезеңде өз халқына барын арнаған, сол жолда жандарын пида еткен асыл тұлғаларымыздың үлкен бір шоқ жұлдыздары қайтадан жарқырай көрінді. Солардың бірі де бірегейі, қатал да қатыгез тағдырдың ноқтасына басы сыймай өткен, заманында қазақ даласына атағы кең жайылған атақты да қас батырлардың бірі - Иманжүсіп Құтпанұлы», деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті. Қазақтың батыр ұлдарының біріне арналған көлемді мақаланы басылымның сенбілік санынан толығымен оқи аласыздар. Жарияланым «Иманжүсіп. Ноқтаға басы сыймаған дала батыры жайлы не білеміз?» деген тақырыппен жарияланған.
***
«Қуыршақтай баладан Құранның сөзі табылды». Осы тақырыппен «Айқын» газетінің сенблік санында жарық көрген мақалада Дағыстан Республикасында осыдан 9 ай бұрын дүниеге келген сәбидің денесінде арапша жазулармен Құраннан үзінділер жазылған екен. Басылымның жазуынша, бастапқыда бұл жағдайға қайран қалған отбасы өз көздеріне өздері сенбеген көрінеді. Содан соң нақты дәлел болу үшін бейтаныс жазуды суретке түсіріп алыпты. Жұмбақ қаріптер нәресте жетілген сайын анық көрініп, жазу айшықталған соң, отағасы жергілікті мешіттен имам шақырған. Имам Абдулла да нәресте денесіндегі жазуларды көргенде, есінен танып қала жаздапты.
«Астана қаласының Есіл аудандық соты ақыры бұрынғы экология министріне қатысты үкім шығарды. Судья Ерлан Тасыров Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің басшысы болған Нұрлан Ысқақовты төрт жылға бас бостандығынан айыруға кесті», деп жазады «Айқын» газеті. Осы жайтқа қатысты жазылған мақала «Экологтарға» үкім шықты» деген тақырыппен жарияланды.
Осы басылымның бүгінгі санында жарық көрген «Қытайлық инвесторлар 5 млрд АҚШ долларын бөледі» атты мақалада Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовтің Қытайға жасаған сапарының нәтижесінде қытайлық инвесторлардың Қазақстан экономикасын әртараптандыруға 5 млрд АҚШ долларын бөлетіні туралы жазылған. Сонымен қатар Премьер-Министрдің көрші елге жасаған сапары барысында атқарылған шаруалар жайында баяндалған. Мақалада «Біз мұнаймен және газбен өзімізді-өзіміз қамтамасыз ету бағытында алға жылжып келеміз. Мемлекет, яғни халықтың өзі бұл ресурстарға иелік етеді», деген Үкімет басшысының сөзі келтірілген.
***
«Елімізде темекінің түбіне «балта шабуға» шындап кірісті. Кейбір заңдық актілерге өзгерістер енгізу арқылы улы түтінге уланып жүргендерді салауаттылыққа шақырмақ», деп жазады «Астана ақшамы» басылымы. Газеттің жазуынша таяуда ғана заңды күшіне енген кодекске байланысты елорданың Денсаулық сақтау басқармасы енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды кәсіпкерлерге егжей-тегжейлі түсіндіру жұмыстарын бастапты. Аталған жайтқа орай басылымда жарияланған мақала «Шылымқорлықты шектеу шырғалаңы» деген тақырыппен берілген.
Осы басылымның бүгінгі санында бейсенбі күні қазіргі қазақ әдебиетінің негізін салушы және Қазақстан жазушылар одағын құрған Сәкен Сейфуллиннің туғанына 115 жыл толуын елорда халқы салтанатпен атап өткендігін, мұражайының күрделі қайта жөндеуден кейін ашылғанын жазған. Сонымен қатар осы мұражайдың директоры Серік Тұрғынбекұлының С.Сейфуллинге арналған өлеңдерін жариялаған.
«Мәскеудегі БҰҰ-ның ақпараттық орталығында Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Жаһандық қоғамды түбегейлі жаңарту стратегиясы және өркениеттер серіктестігі» атты кітабының таныстырылымы өтті», деп жазады «Казахстанская правда» газеті.
Басылымның жазуынша, кездесу аясында ресейлік және қазақстандық ғалымдар талдап жасаған 2050 жылға дейінгі «Өркениеттер болашағы және өркениетті серіктестік стратегиясы» жаһандық болжамының ІХ бөлімі таныстырылған.
«Экспресс К» газетінің жазуынша, Астанаға тақау, Қорғалжын көлдерінің маңынан сенсациялық тарихи ескерткіш - Алтын орда кезеңінің кесенесі табылған. Түрлі болжамдар бойынша бұл жерде қазақ хандығының негізін қалаған Әз Жәнібек хан жерленуі мүмкін.
«Француздық l'Equipe газетінің ақпаратына қарағанда, Париж прокуратурасы «Астана» командасының велошабандоздары, «Тур де Франс-2009» жеңімпазы Альберто Контадормен үшінші орын иеленген Лэнс Армстронгқа қатысты алдын ала тергеу ісін бастаған», деп жазады «Время» газеті.