Қытайлық қыз карточкасын жұтып қойған банкоматты өзі-ақ ақтарып тастады (ФОТО)
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қытайдағы сауда орталықтарының бірінде қыз бала карточкасын жұтып қойған банкоматты санаулы минуттың ішінде шашып тастаған.
Қытайлық БАҚ-тың жазуынша, оқиға 16 қазан күні болған екен. Гуандун провинциясының Дуңгуань қаласындағы сауда орталықтарының бірінде Лин есімді қытайлық қыздың карточкасын банкомат жұтып қойған. Сәл уақыт ойланып тұрған қаршадай қыз еш құрал-жабдықсыз жалаңаш қолдың күшімен банкоматты бұза бастайды. Күзетшілер мұндай тылсым күш иесіне тосқауыл болуға бата алмай, полиция шақырған екен.
Осы аралықта Лин банкоматтың экранын шешіп алып, клавиатураны шашып тастап, жиылған жұртты таң қалдырды.
Қазір бұл қызды психиатриялық ауруханаға тексеруге алып кетті.