Қытайлық шебер қазақ еліне қала күніне орай ақбоз үй тарту етті

АСТАНА. Шілденің 1-і. ҚазАқпарат /Райхан Қоңыр/ - Шілденің 1-і күні елордадағы «Атамекен» - Қазақстан картасы  этно-мемориалдық кешенінің сыртқы ауласына тігілген сегіз қанат ақбоз үйді  таныстыру рәсімі болды,
None
None

 деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Алтайдың ар жағынан жеткен сыйды қабылдап алу рәсіміне Астана қаласы әкімінің орынбасары Әмірхан Рахымжанов және қаладағы  мәдени-рухани орталықтардың өкілдері келді.

Шынжаң- Ұйғыр автономиялық өлкесі Алтай аймағының тұрғыны Кәмила Жұмаханқызы қазақ елінің Тәуелсіздігіне арнап ақбоз үй жасаған. «Үйдің ағашы мен бау-басқұры, жабдығы мен адалбақан, кебеже, ағаш төсек, тұскиіз, сырмақ секілді жарақтарды дайындауға үш жыл уақыт жұмсадым», деді 75 жастағы ісмер ана. Керегесі торлы желкөз, қарын қақтай жонып иген сегіз қанат ақбоз  үйдің ішкі, һәм сыртқы салтанаты айырықша.

Оюлы маяаузалар (патсайы қара пұлға бастырып тіккен сырмақ) төрден есікке дейін көсілте төселген. Оң жақтағы қазақы ұршықты төсектің басы-аяғы ұрыбілеу, ұршық мойын, қысқа қайың шарбақпен шабақталған. Тақтайдың бетінде қынамен боялған өрнек түсірілген. Бұл төсекті сонау Өр Алтайдың күңгей бетіндегі Буыршын ауылында тұратын Әбділ деген шебер жасапты.

Тоқсан бас, сегіз қанат боз үйдің желбауының жалпақтығы кереқарыс.  Кереге басын көмкерген басқұр  уықтың иінінен асып тұр, тоқыма суы отыз қатар. Оң босағадан бастап, керегені айнала қаптаған ораулы шидің ою-өрнегі көз тартады.

Төрге ілінген Абайдың, оның оң жағындағы қыран бүркіт пен сол жағына ілінген тұлпардың суретін Кәмила ана өз қолымен кәнуа кестемен тоқып салған.

Кәмила ана он құрсақ көтеріп, оның жетеуі сау-саламат өрбіп, жетілген. Отыз екі немересі бар. «Өрен-жаранымды атамекенінде ана тілінде тәрбиелесем деген арманым бар», деді жырақта түтін түтеткен қарт ана.

Соңғы жаңалықтар