Қытайлықтар ғаламторға бейнероликтерді жеке куәлігін көрсетумен ғана сала алады

БЕЙЖІҢ. 21 қаңтар. ҚазАқпарат - Қытайдағы ғаламторды пайдаланушылар елдің бейнематериалдар сервистерінде нақты аты-жөндері бойынша тіркелуге міндетті, деп хабарлайды ИТАР-ТАСС.

Қытайлықтар ғаламторға бейнероликтерді жеке куәлігін көрсетумен ғана сала алады

Радио хабарларын тарату, кинематография және телевидение істері жөніндегі мемлекеттік басқарманың баяндамасында шектеулер тек Қытайда тіркелген сайттарға ғана қатысты делінген. Елдегі ғаламтор ресурсына бейнеролик қосу үшін пайдаланушы сайт әкімшісіне жеке куәлігінің көшірмесін ұсынуы тиіс. «Аспан асты елінің» билік өкілдері мұндай шектеу қойылуды «ғаламторда қатыгездік пен зорлық-зомбылықты насихаттайтын, қоғам үшін қауіп тудыратын ақпараттың таралуына жол бермеу үшін енгізіліп отыр», - деп түсіндіреді. - Интернет өркениетті әрі парасатты қарым-қатынас ортасы болуы тиіс. Ол үшін интернет-сайттарды оспадар бейнероликтермен толтыруға кедергі болатын механизм аса қажет». Қытайда Интернет желісіне бейнематериалдарды салу мен оны сақтау қызметі аса танымал. Қытайлық сарапшылардың пікірінше, оны 428 миллионға жуық адам пайдаланады. Оған қытай үкіметінің әлемдегі ірі YouTubе бейнесервисіне кіруге тосқауыл қоюы себеп болып отыр.