Қытайлықтар Қазақстанда қалып қояды деуге еш негіз жоқ – СІМ визасыз режим жайлы

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Сыртқы істер министрлігі еліміз бен Қытай арасында орнауы мүмкін визасыз режимге түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Әзірге бұл келісім тек пысықталып жатыр. Біз оны қоғамдық талқыға шығардық. Бірақ кейбір БАҚ бұл келісімге ендігі қол қойылып қойғандай етіп жазды», - деді министрліктің ресми өкілі Айбек Смадияров БАҚ өкілдерімен өткен брифингіде.

Оның айтуынша, аталған келісім әлі көпшілік талқысында және күшіне енбеген.

«Қазақстанда қытайлықтар қалып қоюы мүмкін деп пайым жасауға еш негіз жоқ. Бұл ретте ҚХР азаматтарының Қазақстанда 2022 жылғы маусымнан бастап визасыз жүріп-тұруына құқығы бар екенін атап өткім келеді. Олар 14 күн визасыз жүре алады. Көріп отырғаныңыздай, қытайлықтар көптеп келіп жатқан жоқ және жұмыс орындарында тапшылық туындайтындай себеп жоқ. Біз оларға он төрт және отыз күнге шекараны аштық», - деп түсіндірді Айбек Смадияров.

Ресми өкілдің айтуынша, бұл ел экономикасына қосымша қаржы тартуға және қазақстандықтар үшін жаңа жұмыс орындарын құруға септігін тигізбек.

«Қазақстан Үкіметі дағдарысқа қарсы шаралар шеңберінде қолайлы инвестициялық ахуал жасауға, іскерлік байланыстарды жандандыруға және елдің туристік әлеуетін арттыруға мүмкіндік беретін визалық рәсімдер мен режимдерді заңдастыру жөнінде қадам жасап жатыр. Осы ретте бұл еліміздің экономикасына қосымша қаржы тартуға және азаматтарымыз үшін жаңа жұмыс орындарын құруға ықпал етпек», - деп түйіндеді министрліктің ресми өкілі.


Соңғы жаңалықтар