Қытаймен шекарадағы «Достық» станциясында электронды кезек жүйесі іске қосылады
Электронды кезек жүйесін іске қосу мақсатында ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті мен ҚР ҰҚК Шекара қызметі бірлесіп, Қазақстаннан «Достық» пункті арқылы шығатын көлік құралдарын өткізуді ұйымдастырудың уақытша схемасын бекітті.
23 қарашадан бастап Qoldau.kz немесе «CargoRuqsat» мобильді қосымшасы (IOS немесе Android) платформасының автоматтандырылған электронды кезек жүйесі қолданылады.
Қолданыстағы журналға тіркеу және «Достық» өткізу пунктінде қағаз рұқсаттамаларды беру 22 қарашадан бастап тоқтатылады. Қағаз тасығыштағы кезектің қолданыстағы тізімі цифрландырылып, ақпараттық жүйеге енгізіледі.
Электронды кезек жүйесін құрудың мақсаты – көлік құралдарының, жүктер мен тауарлардың өткізу пунктіне кіру кезектілігін қалыптастыру процесінің ашықтығы мен цифрландырылуын қамтамасыз ету, сондай-ақ елдің транзиттік-көліктік және экспорттық әлеуетін арттыру.
Жүйені ҚР ҚМ «Ақпараттық-есепке алу орталығы» АҚ мамандары әзірледі. Бұл жүйе барынша ыңғайлы және ашық болып табылады, жүргізуші көрсетілген порталда тіркелгеннен кейін немесе мобильді қосымша арқылы жол жүру үшін бос күн мен уақытты таңдайды. Бұл ретте жүргізуші өз кезегі туралы СМС-хабарлама алады.
Естеріңізге сала кетейік, шекарада электронды кезек жүйесін іске қосуды Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 20 қазанда Жетісу облысының жұртшылығымен кездесу барысында тапсырған болатын.
«Тағы бір өзекті мәселе – карантиндік шектеулерге байланысты Қазақстан-Қытай шекарасындағы өткізу пункттерінің жұмысының күрт баяулауы. Жүргізушілердің әділ наразылығын тудыратын жүк көліктерінің топталуы бар. Жағдайды түзету үшін «Алакөл» және «Нұр жолы» шекаралық өткізу пунктерінде электронды кезекті енгізуді жеделдету қажет», - деп тапсырды Мемлекет басшысы.
Уақытша схемамен ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің ресми интернет-ресурстарында (kgd.gov.kz) және веб-сайтта CargoRuqsat.kz (CGR.qoldau.kz) танысуға болады.