Қытайтанушы Клара Хафизованың дала билеушілері мен олардың дипломатиясы туралы кітабы шықты

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда тарих ғылымдарының докторы, профессор, танымал қытайтанушы, ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ ардагері Клара Хафизованың «XVIII-XIX ғасырлардағы дала билеушілері және олардың дипломатиясы» атты монографиясының тұсаукесері өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарт тілшісі.
None

Шараға шығыстанушылар, саясаттанушылар, ҚР ҰҒА академиктері, белгілі қоғам және саяси қайраткерлер, дипломаттар мен БАҚ өкілдері қатысты.

ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры Еркін Тұқымовтың сөзінше, монография екі ғасыр бойы қазақ мемлекеттілігін, аумақтық тұтастығы мен ұлттық бірлігін сақтап қалу жолындағы Қазақ хандығы билеушілерінің үш ұрпағының қызметіне арналған.

«Клара Шайсұлтанқызы аса қиын бағыт – қытайтану саласында еңбек етіп жүрген нағыз ғалымның қайсарлығының үлгісі. Жанқиярлық қызметі жас зерттеуші-ғалымдарды тәуелсіз Қазақстанның шығыстану және қытайтану ғылымдарының дамуына үлес қосуға шабыттандырады. Қазақстанда қытайтану мектебі әлі қалыптасу сатысында, сондықтан Клара Шайсұлтанқызының еңбегі секілді әрбір монументалды туындының құны алтынмен бағаланады. Қытайтану – қажетті білім көлемі, құзыреттілік деңгейі, қытай тілін білуі және т.б. ескерілетін күрделі бағыт. Сондықтан, бүгінгі таңда ҚСЗИ қытайтану бойынша зерттеулердің бастамашысы болып, осы бағыттың дамуына ықпал етуі маңызды. Себебі, ерте ме, кеш пе жүйелі мектептің қалыптасары даусыз», - деді институт директоры.

Автордың айтуынша, кітапта қазақ билеушілерінің үш ұрпағының өмірбаяны арқылы олардың екі ғасырға жалғасқан дипломатиялық келбеті сипатталады. Халықаралық қатынастардың күрделі кезеңінде қазақ мемлекеттілігін, аумақтық тұтастығы мен ұлттық бірлігін сақтаудағы үздіксіз күресі дәлелді баяндалады. Хандықтың азат кезеңі мен Ресей империясы жойып жібергеннен кейінгі тағдыры да қамтылған.

«Бұл еңбекте негізінен Әбілмәмбет, Абылай хан, Әбілфейіз сұлтан және оның ұрпақтары: Орыс, Алтынсары, Жошы, Сарт Ючин, Кенесары, Ғұбайдолла, Әли сұлтандар, Абылай ханның ұлы Сөк сұлтан, Тезек, Шоқан Уәлиханов, жоңғар ханы Дабашы (Даваци), Төле би мен Қабанбай, Қожаберген, Бердіқожа батырлар және тағы басқалары туралы жазылды. Мысалы, оқырмандар кітапта үзінділері берілген кейбір құжаттардың толық аудармасын «Цин империясы мен Қазақ хандығының қарым-қатынасы», «Шығыс Түркістан мен Орта Азия тарихы бойынша материалдар мен Қытай құжаттары», «Өркениеттер тоғысындағы Шығыс дипломатиясы» жинақтарынан таба алады», - дейді Клара Хафизова.

Айта кетейік, кітапты ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты басып шығарды. Еліміздегі кітапхана мен оқу орындарына тегін таратылады. Сонымен қатар, электронды нұсқасы да бар.

 

Соңғы жаңалықтар