Қытайтанушы журналист Д. Омаровтың жаңа кітабы жарық көрді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қытайтанушы журналист Дәурен Омаровтың «Жаһанға жайылған жұрт» атты жаңа кітабы «Arna-b» баспасынан жарыққа шықты.
Бұл - үнемі бір ғана тақырыпқа, қытайтану мәселелеріне терең бойлап жүрген жас қаламгердің үшінші кітабы. Қытай елінің былайғы жұрт біле бермейтін үлгі-үрдісі, қасиет-қағидасы, салт-санасы, дәстүр-дағдысы елеп-екшеліп, жинақтағы мақалаларға өзек болған. Алып мемлекеттегі қазақ диаспорасының жай-күйі, танымал қандастардың тыныс-тіршілігі жөнінде жан-жақты баяндалған. Он жылдан бері осы елді мекендеп келе жатқан автор өз танымындағы Қытайдың әлеуметтік бейнесін оқырманға кеңірек танытады. Туған топырағы мен жүрген жерінің жетістіктерін салмақтап салыстырады, сабақтастырып саралайды.
Дәурен Омаров жиырма жеті жаста. Шанхай қаласындағы Шығыс Қытай Ғылым және технологиялар университетінің бакалавриаты мен магистратурасын бітірген. Бұдан бұрын «Ерте тұратын ел» (2008) және «Мерекесі мол мемлекет» (2010) атты танымдық кітаптары жарық көрген. «Шабыт» халықаралық жастар фестивалінің Гран при жүлдесінің иегері, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты. Жинаққа енген мақалалардың бәрі «Егемен Қазақстан» және «Айқын» газеттерінде жарияланған. Ол негізгі қызметімен бірге осы басылымдардың сол мемлекеттегі тілшісі міндетін қоса атқарады.
Оқырман бұл кітаптан Қытай елінің қазіргі тұрмыс-тіршілігі, онда тұратын қандастарымыздың ахуалы, бағыт-бағдары, көрші жұрттың Қазақстанмен қарым-қатынасы жөнінде жан-жақты мәлімет алады.