«Қыз алып қаштың, заңды белден бастың» - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 9 сәуір, бейсенбі күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.

 «Қыз алып қаштың, заңды белден бастың» - баспасөзге шолу

***

«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, ТМД байқаушылар миссиясы штабының мүшесі Евгений Козяк ТМД байқаушылары Қазақстанның барлық өңір­лерінде жұмыс істейтіндігін хабардар етті. «ТМД байқаушылары миссиясы 30 наурыздан бастап Қазақстан Республикасының Президенті сайлауын байқау бойынша өз жұмысына кірісті, - деді ол. - Біз­дің штаб Астана қаласында жұ­мыс істейді. Ертеңнен бастап өңірлердегі байқау жұмыста­ры­мыз­ды бастаймыз. Атап айтқан­да, Ақмола облысына және Қазақ­стан­ның басқа да өңірлеріне барамыз». Оның айтуынша, кезектен тыс президенттік сайлауды ТМД миссиясынан 300-ден ас­там байқаушы бақылайтын болады. «Біздің миссиямызды жасақтау жұмыстары жүргізілуде. Жоспарға сәйкес, 300-ден астам байқаушымыз аккредиттелуі тиіс. Орталық сайлау комиссиясының бүгінгі отырысында біздің бір топ байқаушыларымыз аккредит­телді. Бүгінде аккредиттелген байқаушыларымыздың саны 245 адамға жетті», - деді Е.Козяк. Сондай-ақ ол ТМД байқау­шы­лары еліміздің барлық өңірлерінде жұмыс істейтінін атап өтті. «Дауыс беру күні біздің миссиямыздың өкілдері елдің барлық өңірлерінде жұмыс істейтін болады. Қазіргі уақытта біз учаскелік сайлау комиссияларының дайындығын бақылағымыз келеді», - деді ол осы жөнінде. Бұл жайында «ТМД байқаушылары белсенділік танытуда» деген материалда жарияланды.

Бас басылымда «Кәсіпкерлік көкжиегін кеңейте түспек» деген мақала көпшілік назарына ұсынылып отыр. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы төралқасының төра­ғасы Тимур Құлыбаев пен Аста­на қаласының әкімі Әділбек Жақсы­бековтің қатысуымен астаналық кәсіп­керлердің конференциясы болып өтті. Басқосу барысында қаты­су­шылар бірқатар мәселелер төңіре­гінде ой өрбітті. Конференция барысында индустрияландыру бағдарламасы шеңберіндегі жобаларды дамыту, отандық өнімдерді жарнамалау, сонымен қатар кәсіпкерлердің басқа да көкейкесті мәселелері талқыланды. Шара аясында кәсіпкерлікті жүргізу мен дамытуда кездесетін әкімшілік кедергілер қатарындағы мәселелер анықталды. Атап айтқанда, Астана қаласында сыртқы жарнамалық нысандарды орналастыру барысында туындайтын кедергілер белгілі болды. Осы мәселе төңірегінде кәсіпкерлер палатасы көрнекі жарнаманы елордада орналастырудың арнайы ережелері мен мүмкіндіктерін жолға қою барысында бизнес-кауымдастықтың пікірін ескеру қажеттігін атап көрсетті. Сонымен бірге Астана қаласында бөлшек саудаға арналған сауда нысандарын ашу мәселесі күн тәртібіне қойылды. Сұранысқа лайық заманауи тұрғыда кәсіпкерлер палатасы мен Астана қаласы әкімдігі арасындағы келісім құжаты бойынша инвестициялық ұсыныстарды жолға қою қарастырылды. Елордада алдағы уақытта қазақ және орыс театрларының құрылысы басталмақ. Оған Сарайшық пен Байтұрсынов көшелерінің қиылы­сында 8,33 га жер телімі, Қалдаяқов пен Нәжімеденов көшелерінің қиылысында 9,6 га жер телімі бөлінген. Сонымен бірге екі жер асты паркингтерінің құрылысын пайда­лануға беру жоспарланып отыр.

***

«Айқын» газетінің жазуынша, Қазақстан жерді ғарыштан суретке түсіруге мүмкіндік беретін спутниктерін дер уақытында ұшырып үлгеріпті. «Өйткені көк сеңгіріндегі дәл осындай ғарыштық аппараттарға қол жеткізуге ұмтылған солтүстік көршіміз Батыстың «санкциялық соққысына» ұшырап, дағдарып қалған көрінеді. Нәтижесінде, Талғат Мұсабаевтың айтуынша, Ресейдің күні қазір бізге қарап отырса керек», - деп жазылған « Қазақстанның «ғарыштық өнімі» сұранысқа ие» атты мақалада.

Қабиболла Жақыповтың төра­ғалығымен өткен Мәжілістің кешегі жалпы отырысында қа­лаулылар «2009 жылғы 6 қазан­дағы Қазақстан Үкіметі мен Француз үкіметі арасындағы Жерді қашықтықтан зондтаудың ғарыш жүйесін және ғарыш аппараттарының құрастыру-сы­нау кешенін құру мен пайдалану шарттары туралы келісімге өз­герістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттаманы» ратифи­кациялады.

Түсіндіре кетсек, Жерді зондтайтын екінші «KazGeo-Sat - 2» спутнигі өткен жылдың ортасында, 20 маусымда Орын­бордағы ресейлік «Ясный» кос­модромынан ғарышқа жол тарт­қан болатын. Ал бірінші аппарат - «KazGeoSat - 1» сол жылдың сәуірінде француздық Куру ға­рыш айлағынан орбитаға шы­ғарылды. Бұған қоса, Қазақстанда Жер серіктерін басқару кешені­нен және ғарыштан мәліметтерді қабылдап, өңдеуге арналған мақсатты кешеннен тұратын «Жерді қашықтықтан зондтаудың ға­рыштық жүйесі» құрылды. Ол «жердегі жағдайлар жөнінде жедел мониторингтік ақпаратқа ие болудағы Қазақстанның Тәуелсіздігін қамтамасыз етуге» тиіс. Оның мәліметтері ауыл шаруашылығы, экология, жер қойнауын пайдалану, геодезия және картография, қорғаныс және қауіпсіздік салаларында пайдаланылады, төтенше жағ­дайлардың алдын алуға кө­мек­теседі.

Осы басылымда «Қыз алып қаштың, заңды белден бастың» деген мақала берілген. Бүгінде әр қазақ дәстүрін тәрк ет­пеуді, бабасынан мирас болып қалған әдет-ғұрыпты ұстауды жөн са­найды. Бұл ұрпақ тәрбиесіне, ел­діктің нық бекуіне үлкен септігін тигізері сөзсіз. «Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» демекші, кей ырым-нанымдар қазақтар ара­сы­нан өздігінен ысырылып жатыр. Заман талабы қажет етсе керек, оған бірлі-жарым жандардан басқа ешкім қарсы шығып жатқан жоқ. Ойланып қарасаң, орынды. Ал енді кей дәстүріміз, әсіресе, қыз алып қа­шу, заманы мен адамына қара­мас­тан, іске асуын тоқтатар емес. Әсі­ресе, Қазақстанның оңтүстік об­лыстары отбасы болудың осын­дай үлгісіне құштар-ақ. Ел арасындағы қыз алып қашып сотталыпты деген бірлі-жарым қауе­сет болмаса, бұл тәсілге жүгініп үй­ленгендердің 90 пайызы өзгеге үлгі боларлықтай ғұмыр кешуде. Көп жағдайда алып қашып үйлену екі тараптың да алдын ала келісі­мімен өрбиді. Әлгі 90 пайыз бақытты ғұ­мыр кешіп жүрген от­ба­сының басым бөлігі ке­лісіммен отастық де­генге саяды. Бұ­ған басты себеп - жігіт жағының жағ­дайы қол­дан алуға мүм­­кін­дігі жет­пей­­тіндігінен. Сон­дықтан жігіт қызды келістіріп, өз үйіне келін етіп түсіреді», - деп жазады мақала авторы.

Қыз­­­ды алып қаш­ты дегенді ес­ті­сімен, артынан қу­ғыншылар іздеп келіп, қызды қай­тар­уын талап етеді. Бұл уақытта қыз бала­ның үйіне кешірім сұрауға әдетте ұлдың аға-жеңгесі қа­лың малын түгендеп алып барады. Қыздың өз еркімен келгеніне көз жеткізіп, қуғыншы еліне қайтады. Артынша құдалық өткізіліп, той жасалады. Міне, негізгі, ақылға қонымды қыз алып қашу ғұрпы осылай. Бұл - дала заңымен бекіген процесс. Ал енді әлгі алып қашудан кейін отаспай қалған 10 пайыз дәл осы дала заңын өз икеміне ауыстырып, яғни жігіт тарапы ұнатқан қызын оның келісіміне жүгінбей алып қашу­дан пайда болады.

Сондай-ақ осы басылымда «Қазір таңғалмайтын болдық. Жер-жаһанға назар бөлсек, күнде қызықты бір оқиға орын алып жатады. Үйренетін де, жиренетін де, нәрсе көп. Соның бірі жақында Үн­дістанда орын алды. Елдің Уттар-Прадеш штатының бір тұрғыны жыланға үйленетінін айтып, жер жүзіне жар салды. 27 жастағы жігітті не түлен түртті? Қыз біткен құрып қалды ма? Жа­нуардан жылылық іздегендердің ақыл-есі дұрыс па?» делінген «Жыланға үйленген жүгермек немесе біз кімнің киносын көріп жүрміз?» атты мақалада. Өкініштісі, біз де үнді сериалдарын көріп, жан рақатына бөленіп жүрміз. Қазір әлеу­меттік желілерде «Келін» теле­сериалындағы Анандиге ұқсап, түрлі-түсті матаға оранып, жан­сыз қуыршаққа сиынып, түрлі әрекет істеп жүрген қа­зақтар көбейіп кетті. Итке, сиыр­ға, жан-жануарлар мен хайуанат­тарға үйленіп жатқан үнділердің фильмін біз қазір ұмытпай көре­міз... Жиырма бірінші ғасыр адам­заттың өркениетке жеткен ең жаңашыл кезеңі болып есептеледі десек те, бірақ надандық пен қараңғылық адамның санасын әлі де тұмшалап келеді. Пенде өзінің ойы мен бойын қандайда бір зиянды ағымнан азат етпесе, өсу де, даму да болмайды. «Үнді телесериалдарын көрген қазақ қазір кинодан көргенін қайталап жатыр. Қуыршаққа табынады. «Келін» бізге керемет пе? Отандық телесериалдар қайт­се оңалады?», деп жазады мақала авторы.

***

«Казахстанская правда» газеті «Нулевая терпимость к кабельным «пиратам»!» атты мақаласында телеарналардың адамдарға ықпалы мемлекет тарапынан қадағалануы тиіс екені жазылған. Бұл тұрғыда ұлттық қауіпсіздік мәселесіне ерекше мән беру керектігі де атап өтілген. Белгілі болғандай, бірқатар өңірлік кабельді операторлар ешбір негізссіз ҚР-да тіркелмеген шетелдік каналдардан хабар таратып отырған көрінеді. Атап айтқанда, олар осы қадамдары арқылы заңсыз қызмет көрсетуде.