Қыз-келіншектер жұмыс істейтін білім, денсаулық сақтау, мәдениет салаларындағы жалақыны көтеру қажет - сенатор Қ. Айтаханұлы

АСТАНА. 21 қараша. ҚазАқпарат - Қыз-келіншектер жұмыс істейтін білім, денсаулық сақтау, мәдениет салаларындағы жалақыны көтеру қажет. Бұл туралы бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында «2014-2016 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасын талқылау барысында депутат Қуаныш Айтаханұлы осылай мәлім етті.

Қыз-келіншектер жұмыс істейтін білім, денсаулық сақтау, мәдениет салаларындағы жалақыны көтеру қажет - сенатор Қ. Айтаханұлы

«2014 жыл - Елбасы үндеуінен туындайтын зейнетақы реформасын іске асыратын алғашқы жыл. Әйелдердің зейнеткерлік жасы ұзаратын 2018 жыл да алыс емес. Сондықтан Үкімет осы мәселелерді қазірден бастап тиянақтап, жоспарлы түрде шешуді қолға алуы керек. Мәселен, зейнетақы туралы заңға сәйкес, жұмыс істемейтін аналардың жас балаларын күтіп-бағуына, бірақ әрбір бала үшін 3 жасқа толғаннан аспайтын жалпы жиынтығы 12 жыл шегіндегі уақыт еңбек өтіліне есептеледі деп айтылған. Алайда, баланы баққан уақыт есепке алынғанымен, осы мерзім ішінде жинақтаушы зейнетақы қорына қаржы түспейді. Бұл мәселені қалай шешуіміз керек?» - дейді сенатор. Оның айтуынша, осы бағыттағы ең басты міндет - әйелдердің зейнетақы жинақтаушы қорына салынатын қаржы көлемін арттыру. «Негізінен қыз-келіншектер жұмыс істейтін білім, денсаулық сақтау, мәдениет салаларындағы еңбекақыларды көтеру қажет. Әйелдер жұмыс істейтін өндіріс салаларына басымдық беріп, жаңа жұмыс орындарын ашуымыз, әйелдердің кәсіпкерлікпен шұғылдануына барынша жағдай жасауымыз керек», - деген сенатор Қ.Айтаханұлы елімізде өзін-өзі жұмыспен қамтамасыз етушілер саны 3 млн.-нан асатынын, олардың басым көпшілігі қыз-келіншектер екенін алға тартты. Депутаттың пайымынша, олардың басым көпшілігі жұмыспен, кәсіпкерлікпен қамтамасыз етілсе, бюджетке тек салық есебінен 150 млрд. теңге кіріс түсетін еді.