Қыз ұрлап, ата-анасынан ақша талап етпек болыпты - апталық брифинг

АСТАНА. Сәуірдің 28-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Оңтүстік Қазақстан облысының Мақтаарал ауданында жасалған қарақшылық әрекет әшкереленді. Оқиғаның мән-жайымен бүгін журналистермен болған брифингте Ішкі істер министрлігінің Тіл саясаты және ақпарат департаментінің бастығы Қуанышбек Жұманов таныстырды,

Қыз ұрлап, ата-анасынан ақша талап етпек болыпты - апталық брифинг

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның айтуынша, бетперде киген белгісіз біреулер аудандағы компаниялардың бірінің ғимаратына кіріп келіп, қару кезеніп, диспетчер мен есептегіш-операторды соққыға жыққан. Сөйтіп қарақшылар 1,5 миллион теңгені алып кеткен. «Кешенді жүргізілген іздеу шараларының барысында жергілікті 4 тұрғын ұсталып, олар өздері жасаған әрекеттерін мойындады. Осы уақытта олардың аймақтағы өзге де қылмыстарға қатыстылықтары тексерілуде», деді департамент бастығы.

Сондай-ақ оның мәліметтеріне қарағанда, Батыс Қазақстан облысына қарасты Ақсай ауданының полиция органдарына 9 жасар қыздың ата-анасы келіп, қыздарының мектепке кеткен соң қайта оралмағандығын айтып, шағымданған. «Тексеру жұмыстарының барысында анықталғанындай қыз бала осы күні мектепке мүлдем келмеген. Ал келесі күні, яғни сәуірдің 23-інде жергілікті 30 жасар азамат пен оның сыбайласы ұсталды. Олар ата-анасынан ақша талап ету мақсатында қызды Орал қаласындағы жалдамалы пәтерде ұстап отырыпты», деді департамент бастығы.