Қыз-жігіттеріміздің қайсысы Кувейтте байрағымызды желбіретеді?

АСТАНА. ҚазАқпарат - Алдағы мамыр айының 13-15 күндері аралығында «Сары құрлықтың» ең мықты дзюдошылары Кувейтте өтетін Азия чемпионатында бақ сынайды. Бұл дүбірлі додада қазақ елінің де бетке ұстар балуандары ел намысын қорғамақ.

Қыз-жігіттеріміздің қайсысы Кувейтте байрағымызды желбіретеді?

Ал дзюдошылар үшін биылғы жылдың ең басты додасы Олимпиада ойындарының жолдамасы сарапқа салынатын әлем біріншілігі 24-30 тамыз аралығында елордамыз Астана қаласында жалауын желбіретеді.

Жалпы спорттың қай түрі болмасын, биыл өтетін ірі әлемдік сындардан сүрінбей өткен спортшылардың барлығы 2016 жылы Бразилияда өтетін Олимпиада ойындарының жолдамаларынан үміттенеді.

Бразилия Олимпиадасының дүбірі жақындаған сайын спортшылар да шыңдала түсетіні анық. Төрт жылда бір келетін дүниежүзілік жарысқа қатысу кез келген спортшының арманы. Сондықтан болар, қазіргі таңда әлемнің түкпір-түкпірінде өткізіліп жатқан спорттық жарыстарда спортшылар Олимпиадалық ойындардың жолдамасы үшін барын салуда.

Біздің спортшыларымыз да, әр бәсекеде барын салып бас жүлдеге таласатыны анық. Сондықтан болар, дзюдодан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Ермек Иманбеков аталмыш біріншілікке еліміздің ең мықты деген балуандарының барлығын қатыстырып, бақтарын сынап көруді жөн санапты.

Олар мыналар: Ерлер: Елдос Сметов (60 келі, Тараз) Елдос Жұмаханов (66 келі, Маңғыстау облысы) Дастан Ыкыбаев (73 келі, ШҚО) Азиз Қалқаманұлы (81 келі, Тараз) Тимур Болат (90 келі, Астана) Ислам Бозбаев (90 келі, Қарағанды) Максим Раков (100 келі, Қарағанды) Ержан Шынкеев (100 келіден жоғары, Қарағанды) Қыздар: Айгүл Байқұлова ( 48 келі, Ақтөбе облысы) Александра Подрядова ( 48 келі, ОҚО) Олеся Куценко (52 келі, Маңғыстау облысы) Ленария Мингазова (52 келі, Тараз) Назгүл Құбашева (57 кг, Атырау) Севара Нышанбаева (57 келі, ОҚО) Мариан Урдабаева (63 келі, Алматы) Динара Құдарова (70 келі, Қызылорда облысы) Альбина Амангельдиева (78 келі, ОҚО) Зарина Райфова (78 келі, Алматы ) Зарина Абдрасулова (78 келіден жоғары, ОҚО) Гүлжан Исанова (78 келіден жоғары, ШҚО)

Енді сәл шегініс жасап, оқырман қауымға қазақ еліне дзюдо күресі қалай, қашан келгенін, қазіргі уақытқа дейін қандай белестерді бағындырғанына қысқаша тоқталып өтсек.

Дзюдо күресi Қазақстанға қашан келді?

Қазақ жұртына беймәлім күрестің бұл түрі алғаш елімізге 1973 жылдары келе бастады. Қазақ елiнде дзюдоның негiзiн қалаған Анатолий Малкин мен Владимир Пак сынды бапкерлер болды. Дзюдоны жапон халқына тән деп айтсақ та, бұл спорт түрi қазақ балуандарына да таңсық емес. Мәселен, кешегi Кеңес Одағы кезiнде татами төрiнде жолбарысша жұлысып, алыптарша айқасқан Марат Әзiмбаев, Қайрат Мысықбаев, Бостан Жаңбырбаев сынды балуандарымызды мақтанышпен айта аламыз. Қазақ дзюдошыларының арасынан Еуропа бiрiншiлiгiнде топ жарған тұңғыш қазақ Марат Әзiмбаев КСРО-ның жастар бiрiншiлiгiнде де жеңiмпаз атанды.

Сондай-ақ, ересектер арасында КСРО халықтарының спартакиадасында өзiне тең келер қарсылас таппаған Қайрат Мысықбаевты да қазақ халқы мақтан тұтуы тиiс. Өйткенi, қазақ дзюдошыларының арасынан КСРО халықтарының спартакиадасында жеңiмпаз атанған тек Қайрат Мысықбаев қана. Қ.Мысықбаев Кеңес Одағының бiрiншiлiгiнде екi рет жүлдегер атанды. Қазақтың дзюдо шежiресiнде өзiндiк алар орны бар Бостан Жаңбырбаев КСРО бiрiншiлiгiнде күмiстен алқа таққан, кейiн бапкерлiк қызметте де ерекше көзге түстi.

Ал Қазақстан тәуелсiздiгiн алған соң да, 90-жылдардың басында Азия құрлығында айтарлықтай жеңістерге қол жеткізді. Атап айтсақ, Сергей Шәкiмов 1995 жылы Азия чемпионы атанса, Серiк Әлiмжанов күмiс медальға ие болды. Дәл осы жарыста қыздар арасындағы бәсекеде Мәншүк Дәулеткереева қола жүлденi жеңiп алды. 1996 жылы елiмiздiң спортшылары тұңғыш рет Олимпиада додасында өнер көрсеткен кезде де дзюдошыларымыз тыс қалмады. Руслан Сейiлханов, Сергей Шәкiмов, Серiк Әлiмжановтар талайларды тамсандырып, татамиде өз өнерлерiн паш еттi.

ХХІ ғасыр аттаған тұста да қазақ балуандары әлемдiк бiрiншiлiкте де олжа сала бастады. 2001 жылы Германияның Мюнхен қаласында өткен әлем бiрiншiлiгiнде қазақтың қос Асхаты - Асхат Жіткеев пен Асхат Шахаров тұңғыш рет әлем бiрiншiлiгiнде қола жүлдегер атанды. Ал Сиднейде өткен Олимпиада ойындарында қырғыз халқының атынан сынға түскен Айдын Смағұлов Қырғызстан құрамасының қоржынына қола медаль салды. Демек, Айдын Смағұловты дзюдодан қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада жүлдегерi ретiнде төл тарихымызға тiркеуге әбден болады. Соңғы бiр-екi жылдың iшiнде дзюдо Қазақстанда кеңiнен қанат жая түстi. Бейжiң Олимпиадасында салмақтары жүз келi тартатын алыптардың арасынан отандасымыз Асқат Жіткеев күмiс медаль жеңiп алып, қазақ халқының мәртебесiн көтерiп тастады.

Қазақстан дзюдодан қандай жетістіктерге қол жеткізді?

Қазақстан дзюдошылары 1996 жылғы Атланта Олимпиадасына 8 балуан апарды. Бұлардың ішінде ең жоғарғы нәтижеге 95 келі салмақтағы Сергей Шәкімов қолжеткізді - 13-ші орын.

2000 жылғы Сиднейдегі Олимпиадалық ойындарда Қазақстаннан тағы да сегіз балуан өнер көрсетті. Ең жоғарғы көрсеткішті 60 келідегі Базарбек Донбай көрсетті - 5- орын. Есесіне, Қырғызстанның атынан күрескен қазақ балуаны Айдын Смағұлов дәл осы салмақта Сидней Олимпиадасының қола жүлдегері атанды.

2004 жылы Афиныда өткен Олимпиадалық ойындарда еліміздің сегіз дзюдошысы белдесті. 100 келідегі Асқат Жіткеев жетінші орынға табан тіреді.

2008 жылғы Олимпиадалық ойындарда Қазақстанға тұңғыш рет Олимпиада ойындарының медалі бұйырды. 100 келі салмақта күрескен Асхат Жіткеев финалда моңғол балуанынан ұтылып, күміс медальға ие болды.

Өкінішке қарай Лондон Олимпиадасында дзюдошыларымыздың бірде-бірі ел үмітін ақтамаған болатын. Енді келер Олимпиадада балуандарымыз осы олқылықтың орнын толтырады деген сенімдеміз.

Күнсұлтан Отарбай