Қызайбай мен Цолоева Астанадағы бокстан әлем чемпионатының ширек финалына шықты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бесінші жарыс күнінің қорытындысы бойынша әйелдер арасындағы бокстан әлем чемпионатының ширек финалына екі қазақстандық спортшы шықты.

Қызайбай мен Цолоева Астанадағы бокстан әлем чемпионатының ширек финалына шықты

48 кг дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Қазақстандағы қыздар арасынан шыққан бірінші әлем чемпионы Назым Қызайбай швециялық Лиз Сандербьерден басым түсіп, 3:0 есебімен жеңді.

64 кг дейінгі салмақ дәрежесіне өнер көрсеткен Зарина Цолоева Италия өкілі Валентина Альбертиді 3:0 есебімен жеңді.

Сондай-ақ бүгін кешке 51 кг дейінгі салмақ дәрежесінде қазақстандық Жайна Шекербекова шаршы алаңға шығады.

Еске сала кетейік, әлемдік біріншілік «Барыс-Арена» мұз сарайында өтіп жатыр. Байрақты бәсекеге 67 елден 285 спортшы келді.

Атап өтейік, турнирде Рио-де-Жанейродағы Олимпиада ойындарына 12 жолдама ойнатылады.