«Қыздар да әскерге барады» - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 20 сәуір, сәрсенбі күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.

«Қыздар да әскерге барады»  - баспасөзге шолу

***

«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, қазіргі таңда еліміз мұнай бағасының тұрақтауына өте мүдделі болып отыр. Бұл жөнінде Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Қазақстандағы Мұнайсервис компаниялары одағы төралқасының төрағасы Рашид Жақсылықов айтты.

Баспасөз мәслихатының екін­ші бөлі­мінде тілшілер сұра­ғына жауап берген төраға егер мұнай бағасы бұдан әрі арзан­дай беріп, оның соңы сала кәсіп­орындарының тоқтауына әкеліп соқса, онда мықты мамандардан айырылып, кейіннен білікті маман тапшылығына ұласуы ықти­мал екеніне назар аудартты. Әйтсе де, еліміздің мұнай­шы­лары әлемде ешкімнен осал емес көрінеді. Мысалы, Иран мем­­лекеті өзіне екі мықты страте­гиялық серіктес қарастырып отырғанын аңғартыпты. Оның бірі Үндістан болса, екіншісі Қазақстан екен. «Тәуелсіздіктің 25 жылында трансұлттық компаниялар мен инвесторлардың ар­қасында біз шеберлігімізді, кəсіби ма­мандарымыздың деңгейін көтердік. Қазір өзіміздің Отанда ғана қызмет етпей, білім мен өнерімізді басқа елге экспорттай бастадық. Мысалы, Түрікменстан, Əзербайжан, Ресей, Иран елдері бар. Осы төрт мемлекеттің ішінде бізге ең қызығы әрі қолайлысы Иран мемлекеті болып отыр. Қазір жеті компаниямыз Иранмен нақты келісімшартқа отырып, жұмыстарын бастап жіберді. Иран мемлекеті экономикасы қарқынды дамып жатқан ел, сондай-ақ, бұл жұмыстарды жүргізуге қар­жы­лары да жеткілікті», деді Р.Жақсылықов. Бұл жайында «Мұнайсервис саласындағы ахуал қандай?» деген мақаладан толық оқи аласыздар.

Бас басылымда «Күннен қуат алатын көлік» атты материал берілген. Түркістан қаласында тұра­тын өнертапқыш Ферхад Чайыр күн сәулесінен қуат алатын көлік құрастырып шықты. Өнер­тап­қыштың айтуынша, ерекше көлік ешбір жанар-жағармайды қажет етпейді. Сонымен қатар, шағын машина сағатына 130 шақырымды тоқтамастан жүре алады. Ферхад бұл инновациялық жобаны елімізде өтетін «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі үшін арнайы әзірлеген.

- Көшеде жүйткіген шағын көлік көпшілік назарын өзіне еріксіз аударады. Өйткені, айналасы тереземен қапталған машина күн көзімен қуат алатын қондырғы күшімен жүреді. Шағын болғандықтан, орнынан жылдам қозғалады. Сондықтан мұны кейбір темір тұлпарлар қуып жете алмайды, - дейді өнертапқыш. Сондай-ақ, ол: «Бұрын да машина жасадық. Бірақ мына автомобильдің технологиясын жақсы істедік. Тағы жаңадан құрастырсақ, ол бұдан да жақсы болады», - дейді.

Көліктің ішкі салонында сал­қындатқыш пен артқы жағын көрсетіп тұратын монитор орнатылған. Ал айналасына 8 бірдей күн көзінен қуат алатын қондырғы қойылған. Олар батареяны қуаттайды. Көлік сол тоқтың күшімен жүреді. Сондай-ақ, өнертапқыш машинаға қажетті қосалқы бөлшектерді Қытайдан алып келгенімен, өзі ықшамдап жасап алған.

- Табиғи экологиялық таза. 4 ай ішінде құрастырып шықтым. Бензин жемейді. Тек күннен қуат алады, - дейді өнертапқыш.

Айта кетейік, Ферхад Чайыр - Түркістандағы жоғары оқу орнында оқытушы. Сондықтан да күннен қуат алатын көлікті құрас­тыруға ұстаздың шәкірттері де көмек­тес­кен.

***

«Биылғы жылы Қазақстан Қорғаныс министрлігінің бастамасы бойынша барлық азаматтық жоғары оқу орындарындағы әскери кафедраларда студент қыздарға арналған мамандықтар ашылды. Әскери кафедраға оқуға түсу үшін қыз балаларға медициналық куәландырудан өтіп, дене даярлығы бойынша нормативтер мен психологиялық тестілеу тапсыру қажет. Барлық осы көрсеткіштер комиссия отырысында қаралады», - деп жазады «Айқын» газеті бүгінгі санындағы «Қыздар да әскерге барады» атты мақалада.

- Әскери кафедрада білім бере отырып, біз қыздарға бірден Қарулы Күштерінің офицері ретінде өзін ай­қындауға мүмкіндік береміз. Әділ болу үшін және бірде-бір жоғары оқу орнының бойжеткендері на­зардан тыс қалмау үшін біз барлық жо­ғары оқу орындарында аштық. Оқу аяқталғаннан кейін барлық үйренушілерге «запастағы лейтенант» әскери атағы беріледі және олар автоматты түрде ҚР Қарулы Күш­терінің жұмылдыру резервіне енгізіледі, - деді ҚР ҚМ Білім және ғылым департаментінің бастығы Айгүл Төлем­баева.

Осылайша, жігіттермен қатар оқу ор­нының бейіні тұрғысындағы жақын әскери мамандық бойынша қыздардың да қо­сымша білім алу мүмкіндігі бар.

Осы басылымда «Болашақ» қазақша сөйлеткен жобалар» деген мақала берілген. Жуырда голливудтың тағы бір өнімі қазақша сөйледі. «Джунгли кітабы» - «Болашақтың» қазақшаға аударған 14 фильмі.

Бұл адамзат өте алмайтын ну орман арасында қасқырлармен арпалысып, аңдармен қатар жүріп шыңдалған кішкентай Маугли туралы хикая. Бұған дейін де Маугли туралы бірнеше көркем-анимациялық фильмдер түсірілген. Өзімізге белгілі Акела, аю Балу, пантера Багира - бұлардың әрқайсысы қорғансыз қалған Мауглиге орман заңын үйретуге тырысты. Олар арқылы аң мен құстың, жыланның тілін түсінді. «Джунгли кітабының» дубляж жұмыстары отандық Aray Мedia Group кәсіби дыбыс жазу студиясында, ал соңғы жұмыстары Лондонның Shepperton студиясында жалғасты.

Қазақша дубляждың режиссері - Ай­жан Жамшитова. «Джунгли кітабына» дейін «Болашақ» бірнеше фильмдерді қа­зақ­шалаған еді. Олардың қатарында «Қара киім­ділер», «Көліктер», «Малефисента», «Агент 007» және тағы басқа голливудтық өнім­дер бар. Бір «Джунгли кітабының» өзі­не бірнеше қазақстандық актерлер тар­тыл­ды. Басты кейіпкерлерді Бекболат Құр­­­манғожаев (Багира), Ислам Зейноллаев (Шер-Хан), Айнұр Бермағанбетова (Каа), Ақарыс Өтеулов (Маугли) сияқты өнер адамдары бар.

Бір жылдың ішінде бір емес, екі фильм­ді қазақшаға аударған «Болашақ» қауым­дастығы жыл сайын көрерменге әлемнің үздік киностудияларының төл туынды­ла­рын ұсынып келеді. Әрі озық өнімдердің қа­зақша сөйлеуі үшін де арнайы қаражат-бө­ліп отыр. Мәселен, бір кездері «Көліктер» фильмінен кейін «Қара киімділер» қаза­қ­шаға аударылған еді. Сол фильмді аудару үшін 20 миллион теңге қаражат бөлінген бо­латын.

***

Бүгінде колонияларда құқықтық тәртіп күшейді, яғни қылмыс 45 пайызға қысқарып, қасақана заң бұзышылықтар 42 пайызға азайған, өзіне өзі қол жұмсау фактілері 25 пайызға төмендеді. Бұл туралы «Казахстанская правда» газетінде «Пенитенциарная система переходит к международным стандартам» деген мақаласында ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Берік Бисенқұлов хабарлады.
Оның сөзіне қарағанда, мекеме әкімшілігі іс-қимылдарына сотталғандардың шағымдары жеті есеге төмендеген екен.