Қыздар педагогикалық университеті Назарбаев Зияткерлік мектептері үшін кадрларды даярлайтын болады
АЛМАТЫ. 22 мамыр. ҚазАқпарат - Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті мен Назарбаев Зияткерлік мектебі өзара ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойды.
Қазақстанның білім беру саласын дамытуға ықпал ету бағытында жасалған бұл келісім тең құқылы және екі жақты тиімді бағыттағы тығыз ынтымақтастықты, достық қарым-қатынасты орнатуға ықпал етпек. Құжатқа Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің ректоры Динар Нөкетаева мен «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының басқарушы директоры Нұрәлі Манапов қол қойды.
«Жуырда университетіміз қосдипломды білім беру бағдарламасы бойынша Лондон менеджменті және ғылымдар академиясымен келісімшарт жасады. Алдағы уақытта академиялық ұтқырлық бағытындағы мұндай шараларды көбейтетін боламыз», - дейді Динар Нөкетаева.
Динар Жүсіпәліқызының айтуынша, меморандумның басты мақсаты - Зияткерлік мектебі үшін педагогикалық кадрларды даярлау және қайта даярлау, олардың кәсіби біліктіліктерін арттыруда ынтымақтастыққа қол жеткізу. Бұл келісім аясында сонымен қатар, біріккен жобалар мен бағдарламалар іске асырылатын болады.