Қыздар педагогикалық университетінде Рабиға Сыздық атындағы дәрісхана ашылды
АСТАНА. ҚазАқпарат - 16 қыркүйек күні Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде академик Р.Сыздықтың 90 жылдығына орай «Академик Рәбиға Сыздық атындағы дәрісхана» ашылды. Сонымен қатар, «Ғылымдағы қазақ қыздары: қайраткерлік және дәстүр сабақтастығы» атты дөңгелек үстел өткізілді, деп хабарлады жоғары оқу орнының баспасөз қызметі.
Рабиға Сәтіғалиқызы Сыздық - көрнекті тіл маманы, түркітанушы ғалым, ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор, Түрік тіл қоғамының корреспондент-мүшесі, ҚР-ның еңбек сіңірген ғылым қайраткері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының және Ш.Уәлиханов атындағы сыйлықтың иегері, ҚазКСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамоталарымен, 1941-1945 жж. Ұлы Отан соғысы кезіндегі «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен, «Құрмет Белгісі», «Парасат» ордендерімен марапатталған, «ҚазКСР-інің еңбек сіңірген ғылым қайраткері» құрметті атағына ие болған, есімі ҚазКСР-інің «Құрметті алтын кітабына» жазылған ерекше тұлғалардың бірі.
Р.Сыздықтың «Қазақ тілі методикасының негізгі мәселелері», «Қазақ тілі орфографиясы мен пунктуациясы бойынша анықтағыш», «Қазақ тілі орфографиялық сөздігі» (авторлардың бірі), «Абай шығармаларының тілі», «Абай өлендерінің синтаксистік құрылысы», «Сөздер сөйлейді», «Сөз сазы», «Қазақ әдеби тілінің тарихы» , «Жаңа сөздер мен тіркестері». «Абайдың сөз өрнегі», «Жамиғат тауарих», «Қазақ тілі орфографиялық сөздігі», «Сөз құдіреті», т.б атты еңбектерінде әдеби тіліміздің өміршеңдігі өзекті мәселе ретінде қарастырылады. Қазақ тіл ғылымының дамуына өлшеусіз үлес қосқан ғалым еңбектері филология факультетінің студенттері үшін ғана емес, ұлтымызға қызмет етіп отыр.
Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті Ө.Айтбайұлы мен мемлекет қайраткері, «Мемлекеттік тілге - құрмет» бірлестігінің төрайымы А.Осман академик Р.Сыздық атындағы дәрісхананы салтанатты түрде ашты. Дәрісхана интерактивті тақтамен жабдықталған, Р.Сыздық туралы мағлұматтар мен оқулықтар және оқу-құралдары қойылған Қазақ қыздарының тілші ғалымдары туралы ақпараттармен толықтырылған. Ал академик Р.Сыздық: «Дәрісхананы ашқанда белгілі бір адамның атымен атау керек болған соң, ғалым әйелдердің ішінде жасы үлкені мен болғандықтан, қазақ тіл білімі саласын зерттеуде ғылыми дәрежесі жоғарылардан академик ретінде де мен болғаным үшін менің есімімді берген шығар. Дегенмен, қазақ қыздарының білім алуына, ғылыммен айналысуына септігін тигізетін орталық болсын деп тілеймін», - деп, өзінің есімінің берілгеніне пікірін білдірді.
Салтанатты шара «Ғылымдағы қазақ қыздары: қайраткерлік және дәстүр сабақтастығы» тақырыбындағы дөңгелек үстелге ұласты. ҚазМемҚызПУ бірінші проректоры Б.А.Әлиев: «Қазақ ғылымына өлшеусіз үлес қосқан академик Р.Сыздықтың 90 жылдық мерейтойы Қыздар университетінің 70 жылдығымен тұспа-тұс келіп тұрғаны ерекше жағдай. Қос қуаныштың белгісі - Р.Сыздық атындағы дәрісхананың ашылуы. Бұл дәрісхана филолог мамандарды даярлайтын, сапалы білім беретін орталыққа айналады деп сенеміз. Заманауи озық технологиямен жабдықталған, ғалымның еңбектері қойылған дәрісхана біздің студенттеріміз үшін үлгі болатыны анық», - деп жаңа дәрісхананың ашылуымен құттықтады.
Қыздар университетінің 70 жылдығына орай университеттің дамуына сүбелі үлес қосқан, айрықша еңбек сіңіргені үшін академик Р.Сыздыққа, академик Ө.Айтбайұлына «Ұлағат» алтын медалін, мемлекет қайраткері А.Османға «Ұлағат» күміс медалін тапсырды. Сондай-ақ А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры М.М.Малбақовты, ф.ғ.д., профессор Б.Абылқасымовты, Абай атындағы ҚазҰПУ профессоры Ф.Оразбаеваны, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры Б.Шалабайды мерейтойлық «Құрмет белгісі» медалімен марапаттады.
Дөңгелек үстелде «Р.Сыздық - ана тіліміздің абыз-анасы», «Қазақ қыздары ғылым және инновациялық технологиялардың даму жолында», «Ғылымдағы қазақ әйелдері: ұлттық діл мен тіл мәселелері», «Мәңгілік ел» идеясы және тілтанушы тұлғасы», «Сөз мәдениеті және лингвостилистикалық, лингвотанымдық зерттеулердегі ой-тұжырымдар» секілді бірқатар тақырыптар талқыланып, академик Р.Сыздықтың тұлғасы туралы, ғылым жолы хақында ойлар ортаға салынды.
«Рабиға Сыздық, өз сөзімен айтқанда бір қолынан - қаламы, бір қолынан ожауы түспей», отбасының ұйытқысы бола отырып, қазақ тіл білімі саласын терең зерттеген үлкен ғалым. қазақ халқының маңдайына біткен бірегей оқу ордасында Р.Сыздықтың атында дәрісхана ашу - өнегелі іс», - деп сөз бастаған академик Ө.Айтбайұлы ғалымның тұлғасына тоқталып, өнегелі сөзін жеткізді.
Жиында ҚазМемҚызПУ түлегі, оқулық авторы, Р.Сыздықтың сіңілісі Р.С.Құтқожина сөз алып: «Мен Рабиғадан бар болғаны 2 жас қана кішімін. Дегенмен, осы әпкемнің көп көмегі тиді. Әкемізді «Халық жауы» деген жаламен ату жазасына кескеннен кейін, жан бағып, күн көру қиынға соқты. 15 жасынан-ақ, еңбекке араласты. Осы институтта оқып жүргенімізде, бізді қатарластарымыз «Тышқан жаға формасы бар, бес жүз грамм нормасы» бар деп сөз ететін. Рас заман қиын болды, соғыстан кейінгі уақыт, халықтың жағдайы ауыр, дегенмен, үкімет киімді де, тамақты да берді, қыздарға қамқорлық көрсетті. Жағдай бірте-бірте түзелді», - деп академиктің өмір жолына тоқталып, қаншама қиыншылықты бастан өткерсе де, мойымай, талмай адал еңбек еткендігін жеткізді.
А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры М.М.Малбақов жаңа дәрісхананың ашылуымен құттықтап, студенттердің игілігі үшін «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінің» 15 томдығын сыйға тартты. Сондай-ақ, академик Р.Сыздық атындағы атаулы шәкіртақы тағайындап, ҚазМемҚызПУ филология факультетінің 4-курс студенті М.Баубекке сертификат табыстады. Мұнан өзге сөз алған ф.ғ.д., профессор Б.Абылқасымов, Абай атындағы ҚазҰПУ профессоры Ф.Оразбаева, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры Б.Шалабай сынды қонақтар да жылы лебіздерін білдіріп, дәрісханаға арнап сый-сияпаттарын жасады.
Ал тіл жанашыры А.Осман: «Тіл - ұлттың жаны болса, сол жанды зерттеп, зерделеп жүрген сіздің тұлғаңыз баршаға үлгі. Тіл - Күн болса, сіз - Күнге жақын адамсыз. Адамның мақсаты мәнді өмір сүру болса, сіздің бойыңыздағы асыл қасиеттеріңіз бен ізгілікке толы жемісті еңбегіңіз өміріңіздің мәнді де мағыналы болғанының айғағы. Тоқсанға тоқтамай, жүзге жүгіріп жетіп, қазақ деген дана халық үшін қызмет ете беріңіз», - деп ақ тілегін білдірді. Рас, бар ғұмыры күреске, ізденіске толы ұлағатты ұстаздың өр тұлғасы - жастар үшін, әсіресе Қыздар университетінде білім алып отырған болашақ мұғалімдер үшін әрдайым үлгі.