«Қыздарымыз неге сыртқа қарайды?» - баспасөзге шолу
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» агенттігі республикадағы басылымдарда 28 наурыз, жұма күні жарық көрген өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.
Сонымен, «Егемен Қазақстан» газеті өзінің бүгінгі санында «Алматыны дамыту әрдайым басты назарда» атты мақаланы жариялап отыр. Материалда хабарланып отырғанындай, кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Алматы қаласын дамыту жөнінде кеңес өтті.
«Өз сөзінде Нұрсұлтан Назарбаев мегаполисті дамыту мәселелері мемлекеттің әрдайым басты назарында болатынын атап өтті.
- Алматы - еліміздегі ірі мегаполис. Оның дамуы Астанамен бірдей деңгейде болуға тиіс. Нақ осындай мегаполис қана ғылым, инновация және білімді дамытудың орталығы болып табылады. Алматы экономика, шағын және орта бизнес, қала құрылысы салаларында көшбасшылық рөлін сақтап келеді. Тұрғындарының саны бір жарым миллиондық межеге таяған қалада біз экологиялық тазалық жайын ойлауымыз керек. Автомобильдер саны артуда, бұл көлік қозғалысын ұйымдастырудың жаңа тәсілдерін қажет етеді. Соңғы жылдары айналма көлік жолдары көптеп салынуда, соның арқасында көлік қозғалысының жай-күйі айтарлықтай жақсарды. Сондай-ақ, қаланы дамытудың өзекті мәселелері білім мен ғылым салаларын, жаңа туристік және мәдени нысандарды құру ісін қамтиды. Біздің жұмысымыздың басты бағыты - халықтың әл-ауқатын жақсарту, - деді Мемлекет басшысы», - делінген мақалада.
***
Кеше ғана «Қызылордадағы «Қайсар» футбол клубының қорғаушысы, Африкадағы Мали елінің азаматы Мамуту Кулибали павлодарлық Мәдина деген қазақ қызына үйленейін деп жатыр» деген хабар тарады. Осыған байланысты «Айқын» басылымы «Қыздарымыз неге сыртқа қарайды?» атты өзекті мақаланы жариялап отыр.
Сарапшылардың зерттеулеріне қарағанда, қазіргі кезде Қазақстанда әрбір оныншы қалыңдық басқа ұлттың өкілімен некеге тұрады екен. Шетелдіктерге тұрмысқа шығатын қазақ қыздардың қатары жылдан-жылға көбейіп келеді.
«Қазақ қыздарына көздерін сүзіп жүрген шетелдіктер көп. Қытай мен Үндістандағы сүр бойдақтардың санын қосып санасақ, 70 миллионнан асады екен. Бұлар қазір амалын тауып қазақстандық қыздарға ауыз сала бастады. Өйткені бізде Қазақстан генофондын қорғайтын, шетелдіктермен некеге отыруға тыйым салатын заң жоқ. Сондықтан біздің қыздар олар үшін қолжетімді болып тұр. Соңғы жылдары қазақ қыздарының ең көп кеткен елдері Түркия мен Өзбекстан екен», - деп жазады басылым.
*** «Осыдан үш жыл бұрын ғаламдық саясатта қолданысқа енген «араб көктемі» термині әлі өзектілігін жоғалтпай тұр. 14-жылдың көктемі Мысыр елі үшін тағы да мазасыздау басталды», - деп хабарлайды «Түркістан» газеті «Араб көктемі» синдромы қаталана ма?» атты мақалада.
«Наурыздың басынан бері әскерлерге белгісіз біреулер әлденеше рет шабуыл жасады. Жақында болған бір жарылыста алты солдат қаза болды. Ал қолындағы билікті пайдаланып, әскерилер «Мұсылман бауырларды» жыл басында террористік ұйым деп таныған болатын. Осы аптаның басында «Мұсылман бауырларға» мүше болған деген айыппен 529 адам сот шешімімен өлім жазасына кесілді.
Үш-төрт күннен бері мұсылман топтар көшеге шығып, наразылық білдіруде. Сот шешіміне наразылардың ішінде әйелдердің саны басым. Шешім жүзеге асатындай болса, Каирді қайтадан көтеріліс лаңы жайлауы мүмкін», - делінеді материалда.
***
«Алматы ақшамы» басылымы Алматыда сыршыл ақын Тұманбай Молдағалиевтің туған күніне орай мерейлі шара өткендігін хабарлауда.
«Қазақстанның халық жазушысы, Қазақстан Республикасының тұңғыш Әнұраны авторларының бірі, халықаралық Физули атындағы сыйлықтың иегері Тұманбай Молдағалиев өмірінің соңғы жылдары тұрған Амангелді көшесі, 49-үйге (Қабанбай көшесінің қиылысы) ескерткіш-тақта орнатылу салтанаты болып өтті», - деп жазады басылым «Тұманбай Молдағалиевтің туған күніне ескерткіш-тақта орнатылды» атты материалда.
Мәдени шараға Алматы мен Астана қалаларының зиялы қауым өкілдері, мәдениет қайраткерлері және ақынның туған-туыстары қатысты. Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов қатысып, құттықтау сөз сөйледі.