Қыздарын трамвай басып кеткен отбасыға павлодарлықтар жаңа пәтер алып берді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Павлодарда екі қызын трамвай басып кеткен Шынар Уалитованың отбасы «қайырымды қала тұрғындары» жинап берген қаражатқа Екібастұз қаласынан пәтер алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат pavlodarnews-қа сілтеме жасай отырып.

Қыздарын трамвай басып кеткен отбасыға павлодарлықтар жаңа пәтер алып берді

«Клуб добряков Павлодар» еріктілері Шынар Уалитова мен оның 8 жасар Марал және екі жасар Батырхан есімді балаларына жаңа қонысын көрсетті.

Еске салайық, жантүршігерлік жол апаты Павлодар қаласында 7 қыркүйек күні болды. Салдарынан бір қыз көз жұмды.

Қызынан қапыда айырылған Шынарға құны 8,5 миллион теңге болатын жиһаздары бар үш бөлмелі баспана сатып алынды. Сол күні клуб өзінің Instagram парақшасында зардап шеккен отбасыға көмек жинауды бастағанын хабарлаған. Кейін еріктілер мен облыстық білім саласының өкілдері қосылып, көмекті бірге жасады. Нәтижесінде қайырымдылық мақсатта 20 миллион теңге жиналған . 

«Мен қонаққа барлық Павлодарлықтарды шақырдым. Өйткені оның тұрғындары қиын сәттерде бізге көмек қолын созды, мен сол үшін жерлестерімізге зор алғыс білдіремін», - деді Шынар Уалитова.

Айта кетер жайт, Марал мен Батырханның аттарына жеке шот ашылып, оған 3 млн 213 мың теңгеден ақша салынды. Олар оны кәмелеттік жасқа толған кезде пайдалана алады. 1 млн теңге балалардың анасының шотына қажеттіліктер үшін аударылды. Сондай-ақ, Шынар Уалитова отбасы үшін «қайырымды қала тұрғындары» жинаған қаражаттың 2 млн теңгесін  шұғыл операция күтіп отырған басқа 6 баланы емдеу үшін жұмсады.