Қызғаныштан әйелінің көлігін өртеп жіберген алматылыққа қатысты сот үкімі шықты
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алмалы аудандық сотында қызғаныштан әйелінің көлігін өртеп жіберген алматылыққа қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі қалалық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.
2016 жылдың 24 желтоқсанында айыпталушы Абылай хан және Мәметова көшелерінің қиылысында әйелінің көлігін байқап, артынан еріп келген. Көліктен бұрын өзі танитын екі ер адамның түскенін көріп, қызғаныштан құны 2 млн 300 мың теңгеге бағаланған жеңіл машинаны жанармай құйып өртеп жіберген.
Сотта айыпталушы кінәсін мойындап, қылмысына өкінетінін айтты. Сот залында әйелі күйеуі тарапынан келтірілген шығын толығымен өтелгенін жеткізіп, оны бас бостандығын айырмауды өтінді.
Сот Үкімімен айыпталушы ҚР ҚК 202-бабының 2-бөлігі 1,5 тармақтары бойынша (қасақана көлікті өртеп, шығын келтіру) бойынша айыпты деп танылды. Алайда, сот Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған амнистияны пайдалана отырып, сотталушыға 3 жыл бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады.